Қалдыбек Құрманәлі: "Мақпалға атақты марқұм күйеуі әперді" дейтіндер бар"

Қалдыбек Құрманәлі: "Мақпалға атақты марқұм күйеуі әперді" дейтіндер бар"

Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі әнші Мақпал Жүнісова жайлы пікір білдірді, деп жазады Democrat.kz. 

 

Композитордың айтуынша, Мақпал Жүнісова – табиғатынан әнші болу үшін жаратылған, сирек кездесетін дауыс иесі. Оның сөзінше, егер Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шықпағанда да, кәсіби биіктерді бағындырып, мықты әнші ретінде мемлекеттік сыйлықтардың иегері атанар еді. Тіпті елдегі ең бай әншілердің біріне айналуы да әбден мүмкін болған.

 

«Нұрқаділовке тию арқылы Мақпал көп тойларға бара алмай қалды, көптеген сахналардан шет қалды. “Халық әртісі” атағын күйеуі арқылы алды дегендер қателеседі. Мақпалдай әнші жоқ. Ол ән айтқанда керең де еститіндей, мылқау да түсінетіндей әсер қалдырады. Ғасырда бір келетін әнші», – деді Қалдыбек Құрманәлі.

 

Сондай-ақ композитор болашақта Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың махаббаты туралы жырлар жазылып, көлемді фильмдер түсірілетінін де атап өтті.

 

Бұл пікірге қатысты Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жауап берді. Әнші композитордың сөзін жоғары бағалап, өзіне қатысты айтылып жүрген түрлі әңгімелерге тоқталды.

 

«Қалдыбек жақсы нүкте қойыпсыз. Әлі күнге дейін маған түрлі әңгімелермен директке жазатындар бар. Бірақ ондайларға жауап беруге құлқым жоқ. Бір ғана айтарым – маған “Халық әртісі” атағы берілгенде байым қуанған жоқ. Алайда кейіннен “әншілігімді мойындадым” деп үлкен баға бергені мені қатты қуантты», – деп жазды Мақпал Жүнісова.

Барлық жаңалықтар