Біраз уақыт бұрын халықаралық іздеу жарияланған Азамат Қапенов соңғы уақытта тым белсенді позицияға көшті. Мемлекетке опасыздық жасағаны және жемқорлық үшін сотталған Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы Азамат Қапенов соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кәдімгідей танымал бола бастады деп жазады Democrat.kz.
Біраз уақыт бұрын Қапеновке Қаржылық мониторинг агенттігі халықаралық іздеу жариялаған еді. Осыдан кейін ол интернетте белсенділік танытып, өзін ешқандай қылмысқа қатысы жоқ адам ретінде көрсетуге тырысып жүр.
Белгілі журналист Михаил Козачков танымал күйеу бала Азамат Қапеновке қатысты өзі білетін біраз дүниелерімен бөлісті.
«Азамат Қапенов – белгілі бір деңгейде ерекше тұлға. Әрине, бұған таңғалуыңыз да мүмкін. Қазіргі таңда оны тек Қаржылық мониторинг агенттігі ғана емес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те іздеп жатыр.
Ал бұл іздеу 2024 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде ҰҚК құрамына өткен орган Мәсімовтің күйеу баласын алаяқтық ісі бойынша күдікті деп таныған. Бұдан бөлек, оған Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан да оған қойылатын сұрақтар бар», деп жазады Козачков.
Ал ҚМА қызметкерлері лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану дерегі бойынша тергеу жүргізуде. 2015 жылы құқық қорғау органдары ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «Қазтеміртранс» АҚ-дағы заңсыз әрекеттерді тексере бастаған еді.
«Әңгіме жекелеген компанияларға 5 миллиард теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы болған. Алайда арада он ай өткен соң, 2016 жылдың жазында іс ақтамайтын негіздермен тоқтатылды. Ал 2025 жылдың күзінде Бас прокуратура істі тоқтату туралы қаулының күшін жойды. Сол уақыттан бастап Қапеновке қатысты тергеу қайта жанданды», дейді Козачков.
Журналистің айтуынша, арнайы қызмет басшысының күйеу баласының кейбір әрекеттері тыңшылық фильмдердегі сценарийлерге қатты ұқсайды.
«Азамат Қазақстан азаматтығын 2001 жылы алған. Ал 2015 жылы Мәсімовтің қызы Тамилла Каримге ресми түрде үйленді. Дәл осы кезеңде оның теміржол саласындағы мансабы қарқынды өсе бастады. Алайда сол уақыттың өзінде жүк тасымалы нарығының қатысушылары Қапеновке қатысты шағым айта бастаған. Олардың сөзінше, Қазақстандағы ең ықпалды тұлғалардың бірінің күйеу баласы кейбір компаниялар үшін тарифтерді көтеріп, енді біріне жеңілдікпен қараған.
Дәл осы оқиғадан кейін Қапеновтің қазақстандық құжаттарының мерзімі аяқталды. Сол кезеңде ол Ресей төлқұжатын алды, ал бірнеше жылдан кейін Қырғыз Республикасының азаматтығын иеленді. 2024 жылы Тамилла Кариммен ажырасып кеткен Азамат Біріккен Араб Әмірліктері резидентінің идентификациялық картасын, яғни іс жүзінде тұруға ықтиярхат алды», дейді журналист.
Қапенов Қазақстанның құқық қорғау органдарынан осылай қорғанбақ болған. Себебі ол бірнеше елдің азаматығын алған, ал бұл оны Қазақстанға экстрадициялау процесін айтарлықтай қиындатады.
Соған қарамастан, ол Қазақстанмен байланысын үзбеген: отбасы мұнда бизнес жүргізеді, ал Азаматтың өзі Астанаға тұрақты түрде келіп тұрған. Ең қызығы, ол Қазақстаннан Қаңтар оқиғасының дәл алдында кетіп қалған. Мұнысы алда болатын тәртіпсіздіктер мен мемлекеттік төңкеріс әрекеті туралы алдын ала білгендей әсер қалдырады.
«Төлқұжаттар арқылы жасалған барлық айла-шарғыларға қарамастан, Қапенов өткен жылдың жазында Қазақстанның сұрауы бойынша БАӘ аумағында ұсталды. Алайда көп ұзамай ол Қырғызстанға ұшып кетуге мүмкіндік тауып, қазір сол елде жүр. Оның ондағы мәртебесі де қызық: жергілікті күштік құрылымдарға алғашқы шақырту бойынша тергеуге келуге міндеттеме берген. Яғни бауырлас республика оны қамауға алмай отыр әрі Қазақстанға беруге де асығар емес», - деп атап өтті Козачков.
Оның жазуынша, Қырғызстан милициясы «Қазтеміртранс» ісіндегі тағы бір фигурант – Павел Юнға да күтпеген қызығушылық танытқан. Қазақстанда ол куәгер ретінде танылғанымен, сол кезде Еуропада жүрген. Бірақ дәл Қапеновке қатысты тергеу күшейген тұста қырғыз күштік құрылымдары оны экстрадициялау туралы сұрау жолдап, Юн ұсталды.
«Бішкектегі погон таққан азаматтарға Юн не үшін қажет болды? Одан келу туралы міндеттеме алып, осылайша Қазақстанға экстрадицияланудан қорғау үшін бе? Әлде Қырғызстан ІІМ Қылмыстық іздестіру бас басқармасының басшысы Ұлан Айтбаев Мәсімовтің күйеу баласына қолдау көрсетіп отыр ма? Қысқасы, Азамат Қапенов оңай адам емес сияқты. Ол бірнеше елде қажетті құжаттар мен байланыстар қалыптастырып үлгергенге ұқсайды», деп қорытады Козачков.