Қандай кітаптарды сақтасаңыз, жазаға тартыласыз?

Қандай кітаптарды сақтасаңыз, жазаға тартыласыз?

Қазақстанда экстремистік немесе террористік мазмұндағы материалдарды тек тарату емес, енді сақтаудың өзі заң бұзу ретінде нақты бекітілуі мүмкін. Мұндай түзету арнайы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заң жобасында қаралып, Мәжілісте бірінші оқылымда талқыланған еді деп жазады Democrat.kz. сайты  Orda.kz - ке сілтеме жасап. 

Не өзгермек?

Депутат Болат Керімбек түсіндіргендей, елде бұған дейін экстремистік материалдарды әкелуге, шығаруға, таратуға және дайындауға тыйым салынған. Енді осы тізімге сақтау фактісі де нақты түрде енгізілмек.

Алайда бұл норма мүлде жаңа жаза енгізбейді.

«Бұл — нақтылау ғана»

Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода бұл өзгерістің қажеттілігіне күмән келтіріп, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте (ӘҚБтК) мұндай әрекет үшін жауапкершілік бұрыннан бар екенін еске салды.

Оған жауап берген ҰҚК төрағасының орынбасары Алмас Наймантаев жаңа түзету тек заңдарды өзара сәйкестендіру үшін қажет екенін айтты: Яғни, қолданыстағы кодексте жаза бар, бірақ салалық заңдарда «сақтау» нақты жазылмаған. Енді осы олқылық түзетіледі.

Қазіргі қолданыстағы ӘҚБтК-нің 453-бабына сәйкес:

  • Жеке тұлғаларға — 20-дан 200 АЕК-ке дейін (2026 жылы шамамен 86 500 – 865 000 теңге)
  • Лауазымды тұлғаларға — 25-тен 300 АЕК-ке дейін
  • Бизнеске — 50-ден 2000 АЕК-ке дейін (8,6 млн теңгеге дейін) 

Жаза мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.

Негізгі түйін

Жаңа түзету жауапкершілікті күшейтпейді, бірақ заңдағы олқылықты жойып, экстремистік материалдарды сақтауға да нақты тыйым бар екенін айқындайды.

Бұл — қауіпсіздік саласындағы заңнаманы біріздендіруге бағытталған қадам.

Барлық жаңалықтар