Белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында қайтыс болған енесі туралы жоқтау жазба жазып, оқырмандарының жүрегін елжіретті деп жазады Democrat.kz.
"АМАНАТ АРҚАЛАТҚАНЫҢЫЗҒА 7-АЙ ТОЛДЫ ЖАН-АНА…
Әр айдың жиырмасында Жадырам:Көке,ертең жиырма бірі ғой,- дейді…
Анасынан айрылған күнді сағатына тіпті минут-секундына дейін есінен шығара алар емес…
Жеті айдан бері солай…
Жарығым, қарашаның жиырмасында қара жамылды, жиырма бірі қасиетті жұма күні Ақ Мамасын қара жердің қойнына тапсырды.
Анасының жүрегі тоқтаған сәтте сәуле берер шырақ,шамсыз қалған шарасыз Жадыраны көрдім…
Жас ұялаған жанарынан, жәутеңдей қараған жәудір көзінен бір демде тұлдыр жетімдіктің табын байқадым.
Екеуміздің кеудемізді мұнар мұң басқалы желдей есіп жеті ай өтті…
Жан-жарымның кішкентай жүрегіндегі үлкен қайғысы ұлғаймаса азаймай тұр…
Жадыраның асқар тауы құлағалы қай заман,ал мәуелі бәйтерегі сұлағалы жеті ай…
Ақ сүт берген асылынан айрылғалы жеті ай…
Жарық дүниесін қара түнек алмастырғалы жеті ай…
Алладан кейінгі жанашырын жоғалтқалы жеті ай…
Атын тұмар қып таққан Ақ Мамасын жоқтағалы жеті ай…
Айтып келмейтін ажалмен бетпе-бет жолыққалы жеті ай…
Қиналып тағдырға бағынғанына да жеті ай…
Сағыныштың сал шекпенін жамылғанына да жеті ай…
Ой-мұңға қамалғанына да жеті ай…
Көкешім-ау:Мен бұрын дәл осылай бақытсыз болмаған ем деп егілгелі жеті ай өтті…
Еркелігім біткен күн,-деп езілгеніне де жеті ай өтті…
Қара жерді басуға қаймығам өйткені астында ата-анам жатыр ғой,-деп күңіренгеніне жеті ай өтті…
Зар-мұңын күрсініске жеңдіргеніне жеті ай өтті…
Шемен боп қатқан шерін тарқатпай жүргеніне де жеті ай өтті…
Мені ауыртып алмайын,-деп үнсіз күйзелгеніне де жеті ай өтті…
Шыбын жаны шырылдап,қайғыға
батып қасіретінен қан жұтқанына да жеті ай өтті…
Айналайын АНАЖАН…
Қызыңыз сіздің ақ гүліңіз еді солмаса екен,-деймін…
Сіз менің бір жапырағымның өмірдегі тірегі едіңіз,кеудесінде соғып тұрған жүрегі едіңіз…
Жадыра сіздің бақытыңыз еді,
Жадыра сіздің шаттығыңыз еді, Жадыра сіздің өлең-жырыңыз еді, Жадыра сіздің тәтті үніңіз еді…
Ал сіз біз үшін алтын қазық едіңіз Анажан…
Жадыраның астындағы тағы, басындағы тәжі едіңіз…
Жадыраны Алладан сұрап алған сыйым деуші едіңіз…
Сізді танып-білген он жылда іліміңізге қанықтым,біліміңізге бас идім,ғұмырыма жетер ғибрат жинадым.
Сіз екеуміз оңаша сырласып, мұңдасқанда Жадыраны бір-бірімізге аманат етіп қалдырамыз деуші едік…
Қайтейін,мен емес сіз арқалаттыңыз-ау аманатты…
Аманатыңызға қиянат жасамаймын,Жан-Ана…
Бақи дүниеден Фәни дүниеге аттанғанша Алланың ақ жолында болдыңыз…Сәждені сүйген маңдайыңыз жарқырап, ортамызды толтырып отырушы едіңіз,орныңыз ойсырап қалды-ау…
Арқамыздан қағатын аялы алақаныңыздан айналып қана кетейін,Әруағыңыздың алдында ақ басымды идім,ЖАН-АНА…"деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.