Қарағандыда "Дала қырандары" қоғамдық бірлестігі рейд кезінде полициямен бірлесіп 30 литр заңсыз алкоголь тәркіледі деп хабарлайды Democrat.kz.
Азаматтық бақылау аясында «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің қырандары алкоголь өнімдерінің заңсыз сатылуына жол бермеу мақсатында кезекті рейд өткізді.
Тексеру барысында Молоков көшесі, 24 мекенжайындағы дүкеннен суррогат алкоголь сату фактісі анықталды.
Не анықталды? Оқиға орнынан шығу тегі белгісіз, ешқандай құжаты мен таңбалауы жоқ 30 литр спирттік сұйықтық тәркіленді. Ол пластикалық бөтелкелерге құйылған.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде тіпті 100 грамм суррогатты сатып алып, орнында ішуге мүмкіндік болған. Мұндай жағдай адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Рейдтің мақсаты. Шараның негізгі мақсаты — қауіпті, заңсыз алкоголь өнімдерін сататын орындарды анықтау және жою, сонымен қатар халыққа суррогат ішімдіктердің зияны мен зардаптары туралы ақпарат беру.
Қырандардың айтуынша, мұндай орындар тұрғын аудандарында адамгершіліктен айырылу мен қылмыстың ошағына айналып барады, сондықтан оларға қарсы күрес — қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды іс.
Қырандардың пікірі:
«Біз қалаларымызда дүкен бейнесімен жасырынған суррогат сатушылардың адамдарды улап отырғанын көріп отырмыз. Бұл — бизнес емес, халыққа қарсы қылмыс. Біз оқиға орнында құқық қорғау органдарын шақырып, барлық өнімді тәркілеуді талап етеміз», — деп атап өтті Қарағанды облысындағы «Дала Қырандары» өкілдері.
Алдағы қадамдар. Тәркіленген сұйықтық сараптамаға жіберілді, материалдар тиісті органдарға тапсырылды. #суррогат бастамасы аясындағы рейдтер еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады".