Оралда әдеп жөніндегі кеңес өтті. Кеңесте Жаңақала ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Беккалиеваның ісі қаралды деп хабарлайды Democrat.kz.
Ол 2025 жылдың желтоқсанында өткен аудандық мәслихат сессиясында «қатын сияқтысыңдар» деген.
Бұл сөз Жаңақала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Руслан Оразалиевке жақпай қалып, әдеп жөніндегі кеңеске арыз жазған.
Кеңес мүшелері Светлана Беккалиеваға сөз бергенде, ол қобалжып, көзіне жас алды. Оның атынан Жаңақала ауданының әдеп жөніндегі уәкілі Надежда Тасмағамбетова сөз сөйледі.
Аудандық әдеп жөніндегі уәкіл Светлана Беккалиеваның мемлекеттік қызметте 26 жыл бойы еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.
Ол бөлім басшысының адвокат жалдап, Алматыдан арнайы «қатын сияқтысыңдар» деген сөзін сараптамадан өткізгенін де тілге тиек етті.
Ол сараптаманың қорытындысын кеңес мүшелеріне ұсынды. Сараптама қорытындысына сәйкес «қатын» деген сөз бейәдеп сөз еместігі өз дәлелін тапқан.
Ал, Светлана Беккалиева тексерушілердің өзі біраз қателік жібергенін жайып салды. Ол тексеру құжаттарында өзінің фамилиясы жоқ екенін айтты. Тіпті Светлана Сәрсенбаевна олқылықтарды мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне де ескерткен.