Қазақ театры қара жамылды: Есмұхан Обаев дүниеден өтті

Қазақ театры қара жамылды: Есмұхан Обаев дүниеден өтті

Қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, халық әртісі, белгілі режиссер әрі ұстаз Есмұхан Обаев дүниеден өтті, деп жазады Democrat.kz. сайты  Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап. 

Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады. Ведомство мәліметінше, Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерін дамытуға, сахна мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық режиссура мен актерлік мектепті нығайтуға арнаған ірі тұлға болды. Министрлік оның шығармашылық мұрасы мен мәдениетке сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Есмұхан Обаев 1941 жылғы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын ҚазКСР халық әртісі Асқар Тоқпановтың класында тәмамдаған. Осылайша ол кәсіби сахна жолына мықты мектептен өтіп келді.

Еңбек жолында ол Қазақ мемлекеттік драма театрында режиссер болды, Мәскеудегі МХАТ-та тағылымдамадан өтті, Абай атындағы Семей қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері қызметін атқарды. Кейін Т.Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемсурет институтының ректоры, Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары болды. 2001 жылдан 2013 жылға дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын басқарды.

Ол өнер мен мәдениет саласындағы еңбегі үшін ҚазКСР халық әртісі атағына 1988 жылы ие болды. Бұған дейін 1975 жылы еңбек сіңірген өнер қайраткері атанған. Сонымен қатар «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері болды.

Есмұхан Обаев қазақ және әлем драматургиясының ондаған ірі шығармасын сахнаға шығарған режиссер ретінде танылды. Оның қойылымдарының қатарында «Абай», «Қарагөз», «Айман – Шолпан», «Ревизор», «Тұңғиықта», «Асауға тұсау» секілді көрермен жадында қалған туындылар бар. Осы еңбектері арқылы ол ұлттық театрдың көркемдік көкжиегін кеңейтіп, бірнеше буын актер мен режиссердің қалыптасуына ықпал етті.

Есмұхан Обаевтың өмірден өтуі қазақ мәдениеті үшін ауыр қаза. Ол артында тұтас бір шығармашылық мектеп, терең режиссерлік қолтаңба және сахна өнеріне адал қызметтің биік үлгісін қалдырды.

Барлық жаңалықтар