«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішіндегі өздігінен жүретін жерасты техникасына стационарлық датчик – метан-реле орнатып жатыр деп жазады Democrat.kz.
Жаңа жүйе техника жұмыс істеп тұрған кезде ауадағы метан мөлшерін үздіксіз бақылап, метан концентрациясы белгіленген шекті деңгейден асып кетсе, техниканы автоматты түрде cөндіреді.
Бүгінде өздігінен жүретін жерасты техникасына 31 метан-реле орнатылды. Тағы 31 техникаға монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін 62 бірлік техника метанды автоматты бақылау жүйесімен жабдықталады.
Метан-реле кеніштегі ауаның құрамын үздіксіз бақылауда ұстайды. Метан концентрациясы белгіленген шекті деңгейге жеткен кезде жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды. Бұл шешім метан мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткен жағдайда техниканы пайдалануға тыйым салып, жерасты тау-кен жұмысын жүргізу кезінде қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.

Автоматты жүйеден бөлек, «Жомарт» кенішінде ауа құрамын бақылауға арналған 130 портативті газ талдағыш қолданылады. Бақылау тәулік бойы жүргізіледі, ал стационарлық датчиктерден алынған ақпарат нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа түсіп отырады.
Метан-реле орнату – «Жомарт» кенішіндегі өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. Бағдарлама аясында барлығы 45 іс-шара қарастырылған. Оның 39-ы жүзеге асырылды, қалғаны аяқталуға жақын. Бағдарламаның жалпы қаржыландыру көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды.
Бағдарлама аясында кеніштегі жұмыскерлердің орналасқан жерін бақылау жүйесі де дамытылуда. 15,5 шақырым сәуле тарататын кабель тартылып, жеке қорғаныс құралдарын тексеруге арналған терминалдар мен бейнебақылау жүйесі орнатылды. 2026 жылғы шілдеде тау жынысы массивінің жағдайын бақылауға арналған бірыңғай цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесі іске қосылды.
Іске асырылып жатқан кешенді шаралар өндірістік қауіпсіздіктің әртүрлі бағыттарын кезең-кезеңімен күшейтуге мүмкіндік береді. Ол кеніш ауасының құрамын бақылауды, жабдықты автоматты түрде қорғауды, жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтауды және тау-кен қазбасының жағдайын тұрақты назарда ұстауды қамтиды.
Жұмыс Қазақмыстың 2026-2028 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы аясында жүргізілуде. 2026 жыл компанияда Өндірістік қауіпсіздік жылы деп жарияланған.