«Қазақмыс» корпорациясының «Нұрқазған» кенішінде жүк тиеу конвейерінің операторларына арнап шаң мен шудан қорғайтын әрі ішінде маскасыз отыруға болатын арнайы кабина орнатылды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл жоба кәсіпорында жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында жүзеге асып жатыр. Солтүстік порталда орнатылған жаңа капсуланың көлемі 2300х1800х1500 мм құрайды.
Оның іші толық оқшауланғандықтан жұмысшы кабинада ауыр респираторлық маска тақпай-ақ еркін демалып отыра алады.
Жаңа құрылғы мамандарды сыртқы өндірістік факторлардан, яғни тау жыныстарының құлауынан сақтайды. Сонымен қатар мұндай жағдай оператордың денсаулығын қорғап, тыныс алу мүшелеріне түсетін ауыртпалықты азайтады әрі ауысым бойы жұмыс істеуді жеңілдетеді.
Мамандар капсуланы тәжірибеден өткізгеннен кейін оның шынайы өндіріс ортасындағы тиімділігін растады.
Нәтижесінде жарақат алу қаупі азайып, жұмыс орнындағы санитарлық жағдай едәуір жақсарған.
Корпорация алдағы уақытта мұндай қорғаныс құрылғыларын басқа да учаскелерге біртіндеп орнатуды көздеп отыр.