"Қазақмыс" компаниялар тобы Жезқазған өндірістік алаңын кешенді түрде жаңғырту ісін қарқынды жүргізіп жатыр

"Қазақмыс" компаниялар тобы Жезқазған өндірістік алаңын кешенді түрде жаңғырту ісін қарқынды жүргізіп жатыр

Жуырда ұйым қожайыны Нұрлан Артықбаев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев аймақтағы негізгі нысандарды арнайы барып көрді. Жұмыс тобы инвестициялық жобалардың қазіргі барысын бағамдап қайтты. Жиын барысында өндіріс тиімділігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Өндірістік қуатты одан әрі дамыту жайы да назардан тыс қалмады, деп хабарлайды Democrat. kz. 

Сапар аясында басшылық ең алдымен Жезқазған мыс балқыту зауытына табан тіреді. Онда өндірістік қуаттың сенімділігін арттыруға бағытталған жабдықтарды күрделі жөндеу бағдарламасы таныстырылды.

Қазіргі таңда кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту ісіне ерекше басымдық беріліп отыр. Мыс балқыту зауытында, "Қазкат" мекемесінде және жергілікті байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде ауқымды газдандыру жобасы толық аяқталды. Бұл мақсатқа 4 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Тың бастама аясында жиырма өндірістік нысан пайдалануға берілді. Негізгі технологиялық жабдықтар түгелдей мазуттан табиғи газға көшірілді.

Бұл қадам табиғатқа да, қазынаға да оң әсерін тигізді. Мыс балқыту зауытында парниктік газ шығарындылары 11,79 пайызға азайды. Ал сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде бұл көрсеткіш бірден 80 пайызға қысқарды. Жобаның жылдық экономикалық тиімділігі шамамен 4 миллиард теңгені құрайды.

Металлургиялық кешенді дамыту мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта құны 200 миллион АҚШ доллары болатын жаңа күкірт қышқылы цехы бой көтереді. Бұл алып құрылыс күкірт диоксиді шығарындыларын екі еседен астам азайтады. Нәтижесінде өндіріс ошағы заманауи экологиялық стандартқа толық сәйкестендіріледі.

Кәсіпорын өзінің энергетикалық тәуелсіздігін де нығайтпақ. Ол үшін қуаты 35 МВт болатын газпоршеньді электр станциясын салу жоспарланған. Жобаға 24,8 миллион еуро көлемінде инвестиция салынады. Тың құрылыс жыл сайын шамамен 5,5 миллиард теңге қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.

Тексеріс барысында делегация бірінші, екінші және үшінші Жезқазған байыту фабрикаларына арнайы ат басын бұрды. Онда технологиялық жабдықты жаңарту және шикізат өңдеу тиімділігін көтеру мәселелері қаралды. Өндірістік инфрақұрылымды одан әрі дамыту ісі жан-жақты сарапталды.

Сапар қорытындысында Нұрлан Артықбаев маңызды мәлімдеме жасады. Ол Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту компанияның басты стратегиялық бағыты болып қала беретінін қадап айтты. Алдағы уақытта өндіріс, экология, қауіпсіздік және технологиялық жаңару салаларына инвестиция құю үрдісі еш толастамайды.

Барлық жаңалықтар