Қазақмыс Shatyrkol-Jaysan Tau-ken ondirisi өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңартуға 295,8 млн теңге бағыттады. Қаражат жаңа техника мен автокөлік сатып алуға, сондай-ақ кеніш пен Шатыркөл байыту фабрикасының нысандарын жөндеуге жұмсалды деп жазады Democrat.kz.
Шатыркөл байыту фабрикасының техника және автокөлік паркі жалпы құны 256,6 млн теңгені құрайтын жеті жаңа техника бірлігімен толықты. Кәсіпорынға CAT 432 экскаватор-тиегіші, екі айырлы жүк тиегіш, автокран және Toyota Hilux автокөлігі жеткізілді. Тағы екі Foton Tunland автокөлігі кәсіпорынға алдағы уақытта жеткізіледі.

Қазір инфрақұрылым нысандарында жалпы құны 39,2 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмысы жүргізілуде. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, Шатыркөл учаскесінің ғимараты, №2 порталдағы тамақтану және шеберлер бөлмесі, медициналық пункт пен кір жуатын орын ғимараты, сондай-ақ инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған жатақхананың ішкі бөлмелері жаңартылуда.

Техниканы жаңарту кәсіпорынның материалдық-техникалық базасының сенімділігін арттыруға, ал әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жөндеу өндірістік алаңдағы жұмыскерлерге жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Shatyrkol-Jaysan Tau-ken ondirisi алаңында жүргізіліп жатқан жұмыс Қазақмыстың өндірістік активтер мен кәсіпорын инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. 2026 жылы компания әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы 80-нен астам нысанды жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бөлді.
