Қазақмыста 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту кешенін дамытудың стратегиялық жоспары қаралды

Қазақмыста 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту кешенін дамытудың стратегиялық жоспары қаралды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алдағы онжылдықтарға арналған өндірістік даму бағытын айқындады. Басқарма төрағасының орынбасары Саят Бакировтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте компанияның 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту кешенін дамыту стратегиясы қаралды деп жазады Democrat.kz.

Бұл ауқымды стратегиялық жоспар өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға, тау-кен шахта жабдықтарын жаңартуға және шикізат базасын кеңейтуге бағытталған инвестициялық бағдарламалардың негізі болмақ.

Даму стратегиясының негізгі басымдықтары:

Жезқазған өңірі: Мыс-шикізат қорын толықтыру үшін Қ.И. Сәтбаев атындағы кен орнында геологиялық барлау жұмыстары күшейтіледі. Сондай-ақ «Жыланды» кенішінде өндірістік нысандар салу мен оны жабдықтау жұмыстары жалғаспақ.

Қарағайлы кешені: Қарағайлы байыту фабрикасын шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін «Құсмұрын» кен орны игеру ісіне қосымша тартылады.

Нұрқазғанды жаңғырту: Нұрқазған байыту фабрикасының қуаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды. 2029 жылға қарай кәсіпорын жылына 4,5 млн тонна шикізат өңдеу деңгейіне шығуы тиіс (қазіргі көрсеткіш – 4 млн тонна).

«Стратегиялық жоспар барланған кен қоры негізінде жасалғанымен, жаңа геологиялық деректер анықталған сайын бағдарламаға тиісті түзетулер енгізіліп отырады», — деп атап өтті Саят Бакиров.

Бұл жоспар компанияның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, мыңдаған жұмыс орнын сақтауға және өндіріс көлемін нығайтуға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар