Қазақстан инвесторларға пайдалы қазбаларды іздеу мен өндіруге арналған жаңа перспективалы учаскелерді ұсынуға дайындалып жатыр. Алғашқы алаңдар 2027 жылдан бастап аукционға шығарылып, әр учаске туралы геологиялық ақпарат цифрлық форматта беріледі, деп жазады Democrat.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасының нәтижесінде дайындалған алғашқы учаскелерді 2027 жылы инвесторларға ұсынуды жоспарлап отыр.
Қазіргі тәсілдің ерекшелігі — инвесторға жай ғана бос аумақ емес, алдын ала зерттелген учаске беріледі. Әр нысан бойынша геологиялық мәліметтер жинақталып, бірыңғай цифрлық кадастрда электрондық паспорт қалыптастырылады.
Биыл Қазақстанның 11 өңіріндегі 20 учаскеде 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілім басталған. Зерттеу жүргізілетін аумақтың жалпы көлемі 100 мың шаршы шақырымнан асады.
Жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет басқаратын геологиялық барлау компаниялары жүргізіп жатыр.
Билік жаңа модель инвесторлардың бастапқы барлау шығындарын азайтып, геологиялық ақпаратты алу уақытын қысқартады деп күтеді. Сонымен бірге дайын деректер аукцион кезіндегі бәсекені арттыруы мүмкін.