Қазақ қоғамы Тұрсынбек Қабатовтың төсектегі өмірімен арпалысып жатқанда, еліміз бен ұлтымыз үшін шынымен маңызды жаңалық елеусіз ғана қоқыс жәшігіне кетіп бара жатқан болатын. Оны қоқыс жәшігіне жібере салу ұрпақ алдында обал екендігін түсінгендіктен, біршама қаурыт шаруаны қоя тұрып осы жазбаны жазуға тура келді.
Келер жылы қазақ елі боксит рудасынан галлий өндіріп көрмек. Таблицадағы 31-ші элемент адамзаттың инновациялық өнімдерінде, электронды чиптер, суперкомпьютер мен реакторларда қолданылады. Қазір оның негізгі өндірушісі, әлемдік нарықтағы монополисі Қытай болып отыр.
Бірақ егер біз, ERG атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов айтқандай жылына 15 тонна галлий шығара алатын болсақ, осы сирек кездесетін метал бойынша әлемнің нөмірі 2 мемлекеті болайын деп тұрмыз.
Бұған дейін, нақтысын айтсақ марқұм Машкевичтің кезінде түрлі амал-шарғыға барып, Қазақстаннан капитал шығарып келген ERG Шухрат Ибрагимов келгелі қазақ еліне мойын бұрып, үлкен жоспарларын Қазақстанмен байланыстыра бастады.
Галлий өндіретін жаңа кәсіпорынға ERG 10 миллиард теңгеден астам инвестиция салмақ. Бұл өзін 5 жылда ақтап, ары қарай кіріске шыға алатын жоба. Биылғы жылдан бастап сирек металдарға деген әлемнің қызығушылығы күрт артқанын көрдік. Дәл осы кезде әлемнің галлий сахнасына Қазақстан шыға келсе, біз одан ұтылмаймыз.
ERG-дің алыс Африкадағы шығыны көп жобаларын тезірек сатып, өз елінде жаңа кәсіпорындарға назар аударғаны жақсы болар еді. Шухрат Ибрагимовтың арқасында осындай мүмкіндік алып отырмыз. Оның Қазақстанға деген көзқарасы жақсы және Премьер-Министр Олжас Бектеновпен бірге өте тиімді тандем құра алды.
Қазақстан Үкіметі Ибрагимовке ERG-дің қалған үлесін Шодиевтер мен Машкевичтерден сатып алуға әкімшілік жағынан көмектесуі мүмкін және осының есебінен өз үлесін 49 пайызға көтере алады. Не болса да, жақын арада ERG сыртқы саясатында еліміз үшін жағымды жаңалық болары анық.
Айбар ОЛЖАЕВ, сарапшы - экономист.