Қазақстан мектептерінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қандай өзгерістер енгізіледі?

Қазақстан мектептерінде 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қандай өзгерістер енгізіледі?

2026–2027 жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанның білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдық күшіне енеді. Олар педагогтерді аттестаттау тәртібін жеңілдету, мектептерде смартфондарды пайдалануды шектеу, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, жаңартылған оқулықтарға көшу және оқу жылының күнтізбесін қамтиды деп жазады Democrat.kz.

Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі

Жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді аттестаттау жүйесіне бірнеше өзгеріс енгізіледі.

Атап айтқанда, қайта тестілеуді ақылы негізде тапсыру мүмкіндігі алынып тасталады. Сонымен қатар педагогтерден талап етілетін құжаттар саны қысқарып, авторлық бағдарламалар мен артық есептер тізімнен шығарылады.

Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілік санаттары мен оларға төленетін үстемақылар сақталады. Енді аттестаттау кезінде басты назар қағаз жүзіндегі портфолионың көлеміне емес, оқушылардың нақты жетістіктері мен сабақ сапасына аударылады.

Смартфондарды пайдалануға қойылатын талаптар күшейеді

Мектептерде сабақ кезінде смартфондарды пайдалануға заң жүзінде тыйым салынады. Тек мұғалімнің арнайы тапсырмасы немесе төтенше жағдайларда ғана телефон қолдануға рұқсат беріледі.

Бұдан бөлек, үзіліс уақытында да гаджеттерді пайдалануға толық тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр.

Смартфондарды мұғалімдер жинап алмайды. Ол үшін мектептерде арнайы сақтау ұяшықтары қарастырылмақ.

Жасанды интеллект білім беру үдерісіне енгізіледі

2026 жылғы қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдарында жасанды интеллектіні қолданудың ресми стандарттары күшіне енеді.

Мұғалімдер үшін нейрожелілерді сабаққа дайындалу және тапсырмаларды тексеру барысында тиімді пайдалануға арналған арнайы оқу курстары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамыту жалғасып, білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі. 3 және 7-сынып оқушылары жаңа оқулықтарға көшеді

Жаңа оқу жылында 3 және 7-сынып оқушылары толықтай жаңартылған оқулықтармен білім алады. Оқулықтар педагогтердің өздері Etandau электрондық платформасы арқылы таңдаған. Жаңартылған басылымдарда мазмұнның түсініктілігіне ерекше көңіл бөлініп, бұрын анықталған қателерді түзету жұмыстары жүргізілген.

2026–2027 оқу жылының күнтізбесі

Жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Демалыс кезеңдері төмендегідей белгіленген:

Күзгі каникул: 26 қазан – 1 қараша (7 күн);

Қысқы каникул: 28 желтоқсан – 10 қаңтар (14 күн);

Көктемгі каникул: 22 – 28 наурыз (7 күн).

Ал 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс 8–14 ақпан аралығында беріледі.

Жаңа өзгерістер білім беру жүйесіндегі артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға және мектептерді цифрландыруды жеделдетуге бағытталған. Сонымен қатар білім сапасын бағалау кезінде нақты нәтижелерге басымдық беріліп, оқу үдерісін заманауи технологиялармен үйлестіруге ерекше мән берілмек.

Барлық жаңалықтар