Қазақстан мектептерінде жаңа пән мұғалімі пайда болады: Кімдер құқықтан сабақ береді?

Қазақстан мектептерінде жаңа пән мұғалімі пайда болады: Кімдер құқықтан сабақ береді?

Қазақстан мектептерінде құқық негіздері пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Енді бұл пәнді педагогтермен қатар тәжірибелі заңгерлер, бұрынғы судьялар, адвокаттар, нотариустар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері де оқыта алады деп жазады Democrat.kz.

Тиісті өзгерістер 2026 жылғы 19 маусымда Оқу-ағарту министрі міндетін атқарушының бұйрығымен енгізілді. Құжат алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Жаңа талаптарға сәйкес, мектептерде, колледждерде және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» пәнінің мұғалімі деген жеке педагогикалық лауазым енгізіледі.

Бұл мұғалім тек білім беру саласындағы заңдарды ғана емес, Қылмыстық кодексті, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті, азаматтық және азаматтық процестік заңнаманың негіздерін де меңгеруі тиіс. Сонымен қатар медиация жүргізу және жанжалдарды шешу дағдылары болуы қажет.

Министрлік құқық пәні мұғалімі болудың үш түрлі жолын қарастырған.

Бірінші нұсқа – педагогикалық жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуы. Егер үміткердің негізгі білімі басқа бағытта болса, педагогикалық қайта даярлау курсынан өткені туралы құжат қажет. Бұл жағдайда еңбек өтілі талап етілмейді.

Екінші нұсқа – «Құқық» мамандығы бойынша жоғары білімі бар, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарда, сондай-ақ судья қызметінде кемінде бес жыл еңбек еткен мамандар. Олар да педагогикалық даярлықтан өтуі тиіс.

Үшінші нұсқа – мемлекеттік органдардың заң қызметтерінде, адвокатурада немесе нотариатта кемінде бес жыл жұмыс істеген заңгерлер. Бұл санаттағы мамандар үшін де заңгерлік біліммен қатар педагогикалық қайта даярлау міндетті.

Осылайша, жаңа оқу жылынан бастап құқық негіздері пәнін оқытатын мамандардың қатары кеңейіп, мектептерге мол тәжірибесі бар заң саласының өкілдерін тартуға мүмкіндік берілмек.

Барлық жаңалықтар