Туризм – Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ететін әрі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды салалардың бірі деп жазады Democrat.kz.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында туристік нысандардың сапасын одан әрі арттырудың, келешегі зор бағыттардың әлеуетін ашудың және туристік инфрақұрылымды кешенді дамытуды жергілікті атқарушы органдар қызметінің тұрақты басымдықтарының бірі ретінде орнықтырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар орталық деңгейде халықаралық туристер тартуға және салалық заңнаманы жетілдіруге ерекше назар аударылуы тиіс.
Бүгінде Қазақстанның туристік саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Туристік ағынның артуы, инвестиция көлемінің рекордтық деңгейге жетуі, инфрақұрылымның белсенді дамуы және қонақүй қорының кеңеюі саланы ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке бағдарланған жаңа даму моделіне көшіруге негіз болуда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің туристік саласы тұрақты өсім көрсетті. Қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 10 млн-нан астам қонақты қабылдады. Оның ішінде ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 700 мың адамға артты.
Сыртқы туризмде де оң динамика сақталуда. Орналастыру орындары қызметін 1,4 млн шетелдік турист пайдаланды. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келді. Оның 11,1 млн-ы туристік мақсатпен келген.
Туристік ағынның өсуімен қатар саланың экономикалық қайтарымы да артып келеді. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.
Дереккөз: Үкімет