Әлеуметтік желідегі парақшасында танымал журналист Ербол Мәндібек қазіргі қоғамдағы келеңсіз бір жайт туралы жұрттың пікірін сұрап, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Нағашы жұртында өскен балалар. Кеше кешке бір ата звондады.
-Ерболжан оқырманың көп қой. Жазсаң осыны жазшы. Әлпештеп өсірген екі қызымның бағы ашылмай қолыма қайтып келді. Солардан 5 жиен немере бағып отырмын. Есейіп қалды. Енді өз жұрттарыңа барыңдар, араласыңдар десем бармайды.
Жиен де өз балаңыз ғой. Оларды несіне қуасыз деп сұрадым.
-Ерболжан ау, есіңде болсын жиен ешқашан өз балаң болмайды. Бәрібір қаны басқа ғой. Әтәңалат әкелері жыл құсындай бір келеді. Мен оған неше рет ескертіп айттым. "Өсіріп жеткізіп берейін, әрі қарай өз тәрбиеңе ал. Тұқымдарына жақындат"-деп айттым. Одан да онша қайыр болмай тұр.
Ата, бала тапқандікі емес баққандікі. Барғысы келмесе өзіңізге жазып алыңызсай?
-Құдай ау сен не айтып тұрсың, есің дұрыс па? Қазақтың, қасқырды қанша бақсаңда орманға қарап ұлиды деген сөзі бар емес пе. Әрқайсына қарап отырып тіпті өзіме жұғынын да сезбеймін. Өз өзімді алдай алмаймын ғой.
Маған осылардың жеткені керек. Содан кейін үйіріне қосылса тіпті ренжімеймін.
Ата, сіз керемет адам екенсіз. Нағашылардың барлығы жақсы ғой шіркін. Уайымдамаңыз, жиендеріңіз мықты болады.
-Ерболжан, өзге жұртта өскен бала бәрібір жасқаншақ болады. Мейлі, мың жерден асты-үстіне түссең де көзі айтып тұрады. Осыны қазақ қоғамы түсінсе екен деймін. Жалғыз мен емес, мен сияқты мыңдаған адамдар бар. Өте ауыр тақырып, бірақ амал нешік ауыр болса да айтылуы қажет"- деп сөзін түйді және аты-жөнін атамауды сұрады.
Менің ойымша, бұл уайымдайтын мәселе емес. Себебі, бала өсе келе өз үйірін тауып алады. Егер әкесі қазақ, шешесі қазақ болса бала міндетті түрде өз тұқымына қосылады.
Өкініштісі, еліміз әлемде ажырасу саны бойынша екінші орында тұр. Заң бойынша жұбайлар ажырасқанда бала анасының жағына өтеді. Қысқасы, Қазақстан жиенстанға айналып барады. Әкелердің құқығын, рөлін арттырмай бұл тенденция өзгермейтін сияқты.
Сіз қалай ойлайсыз? Не айтасыз?" деп жазды Ербол Мәндібек.