Қазақстанда мемлекеттік органдардың республикалық бюджеттен қосымша ақша сұрау тәртібі қатаңдатылды. Енді жоспарлау процесінен тыс бюджет шығынын көбейту жөніндегі ұсыныстарды Президентке, Президент Әкімшілігіне немесе Үкіметке тікелей енгізуге болмайды, деп жазады Democrat.kz.
Үкімет регламентіне енгізілген өзгерістер 20 тамызда қабылданып, қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Жаңа тәртіп бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар шығынды көбейту туралы ұсынысты тек белгіленген бюджет жоспарлау рәсімі аясында бере алады.
Келесі жоспарлы кезеңге арналған қосымша шығын туралы ұсыныстар республикалық бюджет жасалатын жылдың 20 маусымына дейін енгізілуі керек.
Ал ағымдағы жылдың шығынын көбейту қажет болса, ұсыныс Республикалық бюджет комиссиясы бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде беріледі.
Қосымша қаражат сұраған орган қаржы-экономикалық есептерді және ұсыныстың Бюджет кодексіне сәйкестігін дәлелдейтін талдауды ұсынуға міндетті. Құжаттар толық болмаса, өтініш қаралмай кері қайтарылады.