Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына толық көшіру әзірге басталмайды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл үдеріс жаңа әліпби мен емле ережелері ресми бекітілгеннен кейін ғана жүзеге асады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Қазір латын графикасына негізделген әліпби жобасын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және жоғары оқу орындарының ғалымдары бірлесіп пысықтап жатыр.
Бұған дейін латын әліпбиіне көшуге бөлінген бюджет қаражаты игерілмей, мемлекеттік қазынаға қайтарылғаны хабарланған.
Министрлік жаңа әліпби ресми бекітілгенге дейін әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға маңдайшалар мен көрнекі ақпараттарды латын қарпінде рәсімдемеуді ұсынды.
Осылайша, қазақ тілін латын графикасына көшірудің нақты мерзімі әзірге белгісіз. Негізгі шешім әліпби мен жаңа емле ережелері толық бекітілгеннен кейін қабылданбақ.