YouTube-дегі «QASQA JOL» бағдарламасына сұхбат берген өлкетанушы, тарихшы Амандық Әмірхамзин мен блогер, саяхатшы Өркен Кенжебек еліміздегі туризм саласына қатысты проблемаларды және ішкі туризмді дамытуда не кедергі екенін ортаға салды деп жазады Democrat.kz.
Отандық туризмді дамытуға бір Үкіметтің күші келе қоймайтынын алға тартқан саяхатшы Өркен Кенжебек , жан-жақтан жұмыс істелсе еліміз туризм саласында ілгерілейтінін айтады.
«Қазақстанда туризмнің дамымауының бірден-бір себебі — сыбайластық, яғни таныр-тамыстың шешіп кетуі. Біздің елде Үкімет бәрін қадағалайды, яғни өзі тапсырма береді, өзі қадағалайды, шешілмесе қайта тапсырма береді деген сияқты мәселе ғой. Ал өркениетті елдерде жағдай қалай? Дамыған елдерде мұндай тапсырмаларды коммуналдық одақтарға, сақтандыру компанияларына болмаса жергілікті басқару органдарына тапсырады. Меніңше, осылай мәселе жеңілдейді. Бізде бақылау функциялары өз жұмысын жеңілдетпесе жылдағы жанайқай қайталана береді. Бұл жерде бәсекелестік көбейіп, бәріне тең қаралса мұндай жағдайлар қайталанбайды деп ойлаймын», — деді жиһанкез Өркен Кенжебек.
Сондай-ақ, блогер туризмді дамытуға мемлекет тарапынан қандай көмек, қолдау керегін де айтты.
«Елдегі туризм саласында баланс жоқ. Мәселен бізде тым қымбат қонақ үйлер мен өте арзан, мүшкіл хәлде тұрған қонақ үйлердің арасында орташа баға қалып кетті. Яғни, туризм дамыған аймақтарда «Риксос» қонақүйлері салынған, оған қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді, немесе тым арзан қонақ үйлер, дәретханасының суы ақпайды дегендей, ондай қонақүйге тоқтаған халықтың елдегі туризм саласынан көңілі қалып, шетелге қызығады. Ал өркениетті елдерді әр азаматтың қалтасы көтеретін, 3 жұлдызды, 4 жұлдызды, 5 жұлдызды дегендей қонақ үйлер салып тастаған. Сол себепті мемлекет осы тұста қара халықтың қалтасы көтеретіндей қонақ үйлер салуға ықылас танытса деген тілек», — деп қорытындылады ол.
Туризмге қатысты сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге кіріп көре аласыздар.