Қазақстандық кей блогерлер тексеріске алынды

Қазақстандық кей блогерлер тексеріске алынды

Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің табысына қатысты салықтық бақылау қалай жүргізілетінін және мобильді аударымдар қандай жағдайда тексерілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Ведомство мәліметінше, блогерлерге қатысты бақылау жалпы негізде жүргізіледі. Камералдық бақылау салық төлеушілердің есептері, мемлекеттік органдардың деректері және түрлі ақпарат көздері негізінде жүзеге асады.

Егер тексеру барысында сәйкессіздіктер анықталса, азаматтарға 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру немесе қосымша салық есептілігін тапсыру туралы хабарлама жіберіледі. Белгіленген мерзімде жауап болмаса, салықтық тексеріс басталуы мүмкін.

Комитеттің мәліметінше, 2025 жылдың ақпанында 80 мың жеке тұлғаға хабарлама жолданған. Оның ішінде 854 блогер табысын төмендетіп көрсеткені анықталған. Жасырылған кірістің жалпы көлемі 71,9 млрд теңгеге жеткен. Осыған байланысты 1 586 хабарлама жіберілген.

Қазіргі таңда 622 блогер қосымша декларация тапсырып, 18,2 млрд теңге табысын көрсеткен. Соның нәтижесінде 875,5 млн теңге көлемінде салық есептелді.

Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге арналған жеке бақылау жүйесі жоқ екенін атап өтті. Салықтық міндеттемелер барлық азаматтар мен кәсіпкерлерге бірдей тәртіппен жүргізіледі.

Барлық жаңалықтар