Қазақстандық күрд азаматтың сөздері жұртты таңғалдырды

Қазақстандық күрд азаматтың сөздері жұртты таңғалдырды

Қазақстандық күрд әрі лезгинка мектебінің жетекшісі Салим Айлазов әлеуметтік желідегі сын-пікірлерге жауап берді. Оған қазақ мәдениетін белсенді насихаттап, көбіне қазақ аудиториясына бағытталған контент жасайтыны үшін пікір айтылған, деп жазады Democrat.kz.

«Бауырымдай халыққа деген сүйіспеншілікті білдірудің несі жаман? Қазақстандағы күрдтер қазақ емес пе? Қазақ — еркіндікті сүйетін, таулықтар мен көшпенділерге тән мінезі бар халық. Меніңше, бұл сипаттама Қазақстанда тұрып, өзін осы елмен байланыстыратын кез келген ұлтқа сай келеді», — деді Айлазов.

Жарияланған видеода ол Қазақстанда туып-өскенін, ал қазақ тілі мен мәдениетіне деген құрметті бойына әкесі сіңіргенін айтты. Оның сөзінше, әкесі қазақ мектебі мен колледжінде білім алған, ал өзі қазақ тілін алты жасынан бастап үйренген. Кейін бұл оған түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жеңіске жетуге көмектескен.

«Қазақ тілінің арқасында бағалы сыйлықтар ұтып алдым. Тіпті бір кезде теледидар ұтып алып, үйге алып келгенім есімде. Ол уақытта біздің отбасымыздың ондай теледидар сатып алуға мүмкіндігі болмаған еді», — деді ол.

Айлазовтың айтуынша, оның айналасындағы адамдардың басым бөлігі — қазақтар.

«Түсінуіңіз үшін айтайын: ағам қазақ қызына үйленген, әкем өмір бойы қазақтармен бірге жұмыс істеді. Қалай болғанын білмеймін, бірақ оның сыныптастары да — қазақтар, менің сыныптастарым да — қазақтар. Шынымды айтсам, өзімнің күрд екенімді тек 16 жасымда, күрдтердің тойларына бара бастағанда ғана сезіне бастадым. Оның өзінде біздің күрд тойларының 30–40 пайызы қазақ тілінде өтеді», — деді ол.

Сондай-ақ ол өзін қазақ аудиториясы арқылы «хайп жасап жүр» деген айыптауларға да жауап берді.

«Мен тағы қандай аудитория жинауым керек? Менің лезгинка мектебімде 350–400 адам оқиды, олардың 80 пайызы — қазақтар», — деді Айлазов.

Оның айтуынша, шетелге көшіп келуге және тегін ғимарат ұсынамыз деген ұсыныстар болғанымен, Қазақстаннан кетуді ойламайды.

«Мен өзімді қазақпын деп есептеймін. Шетелге барғанда алдымен өзімді қазақ, содан кейін күрд деп таныстырамын», — деп атап өтті ол.

Үндеуінің соңында Айлазов Қазақстанда өмір сүріп, балаларын қазақ тілі мен дәстүріне құрметпен қарайтын ортада тәрбиелегісі келетінін айтты.

«Ұлымды қазақ балабақшасына бердім, жиенімді де солай тәрбиелеп жатырмыз. Мен елімнің бақытты, тыныш болғанын қалаймын», — деді ол.

Айлазов өз контентінде қазақ халқына жақын деп санайтын құндылықтарды — сыйластықты, отбасыны, қонақжайлылық пен өзара түсіністікті насихаттайтынын айтты.

Видео астындағы пікірлерде қолданушылар Салим Айлазов-ты қолдаған.

«Қаның бойынша күрд болсаң да, жүрегіңмен Қазақстанға тиесілісің. Демек, сен біз үшін қазақсың. Ешқайда кетпе, осы жерде өз үйіңдегідей өмір сүр», — деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бірқатар қолданушы шетелге көшіп кеткен қазақстандықтардың уақыт өте келе туған жерін сағынатынын атап өтті.

Барлық жаңалықтар