Маусым айында Қазақстаннан халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 65,2 млрд теңге жіберілген. Бұл елге сырттан түскен ақша көлемінен шамамен 3,6 есе көп, деп жазады Democrat.kz.
2026 жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтар халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге жалпы 314 млрд теңге жіберген.
Осы кезеңде 881 мың транзакция жасалған.
Тек маусым айының өзінде 60,3 мың операция арқылы 65,2 млрд теңге сыртқа шығарылды. Бұл жарты жылдық көлемнің шамамен бестен бір бөлігі.
Ал Қазақстанға шетелден маусымда 18,33 млрд теңге түскен. Осылайша елден жіберілген қаражат көлемі кірген ақшадан шамамен 3,6 есе көп.
Қазақстанға ақша ең көп Ресейден келген — 4,23 млрд теңге. Одан кейін АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Германия орналасқан.
Ақша жіберу кезінде операциялардың 74,8 пайызы теңгемен жасалғанымен, доллардағы аударымдардың орташа көлемі әлдеқайда жоғары болған.