Соңғы бес жарым жыл ішінде қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу шығындарын өтеу мақсатында зейнетақы жинақтарынан 5,8 трлн теңгеден астам қаржы пайдаланған деп жазады Democrat.kz. сайты BAQ.kz.-ке сілтеме жасап.
Мәліметтерге сәйкес, ең жоғары көлемдегі қаражат 2021 жылы алынған. Сол жылы азаматтар зейнетақы қорындағы жинақтарынан шамамен 2,6 трлн теңгені пайдаланған. Кейінгі 2022-2023 жылдары бұл көрсеткіш төмендегенімен, соңғы жылдары қайта өсім байқалып, 2025 жылы алынған қаржы көлемі 1 трлн теңгеден асты.
Мамандардың айтуынша, зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтарды қартайған шағында тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Бұған дейін Мемлекет басшысы да зейнетақы жүйесінің басты міндеті азаматтардың болашақтағы әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету екенін атап өткен болатын.
Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары қордан алынған қаражат көлемі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуге бағытталған қаражаттан айтарлықтай асып түскен. Кейбір кезеңдерде қордан алынған сома зейнетақы жүйесіне түскен жарналар көлемінен де жоғары болған.
Сонымен қатар жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану болашақта алынуы мүмкін инвестициялық кірістің азаюына әсер етеді. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді перспективада азаматтардың зейнет жасындағы жинақ көлемінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Қазіргі таңда Қазақстандағы зейнетақы жинақтарында қалыптасқан инвестициялық табыстың үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Ал халықаралық тәжірибеде бұл көрсеткіш көбіне 80 пайыздан жоғары болады.
Мамандар дамыған елдерде зейнетақы активтері экономиканың маңызды инвестициялық ресурсы саналатынын атап өтеді. Көптеген мемлекеттерде жинақталған зейнетақы активтері ішкі жалпы өнім көлемінен асып түссе, Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге ІЖӨ-нің шамамен 16 пайызы деңгейінде қалып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – азаматтардың болашақ зейнетақысын қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарын сақтап қана қоймай, оларды ұзақ мерзімді инвестициялар арқылы көбейту маңызды болып қала береді.