Қазақстанның өз ChatGPT-і болады

Қазақстанның өз ChatGPT-і болады

Елімізге Орталық Азиядағы ең қуатты – NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютер жеткізілді. Ол қандай міндетке пайдаланылады? Суперкомпьютерді қандай салада қолдануға болады? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев түсіндірді.

Біз Орталық Азияда алғаш болып суперкомпьютерді әкелдік. Оны қарапайым сөзбен түсіндіретін болсақ, ол - генеративті жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауға арналған платформа. Бұл кластер jcs өңірдегі ең ірі кластер. Жалпы суперкомпьютер түрлі бағыттағы міндеттерді шешеді. Мысалы олардың арасында үлкен тілдік модельдерді (LLM) оқыту, мемлекеттік сервистерді автоматтандыру жобалары бар. Оның ішінде, eGov AI, Qazaq Law, AI E-otinish және басқа да жобалар бар, - дейді министр.

Мәдиевтің айтуынша, суперкомпьютерді энергетика, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс салаларын цифрландыру, медицинадағы диагностика мен модельдеу, ғылыми зерттеу, ақылды қалалар және тағы басқа салаларда тиімді қолдануға болады. Цифрлық даму министрі мемлекеттік органдарда есептеу ресурстарына сұраныс артып келе жатқанын айтты. Тіпті жеке сектордан да сұраныс көп.

Жалпы елімізде осы салада стартап-экожүйе қалыптасты деп айтсақ болады. Мысалы Higgsfield AI жобасы. Ол дегеніміз — мәтін бойынша бейне генерациялау стартабы. Бұл жоба АҚШ-та 16 млн доллар инвестиция тартты. Nozomio — үлкен код базаларымен жұмысты оңайлату стартабына жасанды интеллект арқылы код үзінділерін жылдам табуға, талдауға көмектеседі. Стартап Entrepreneurs First (Лондон) акселераторынан 1 млн доллар көлемінде инвестиция алды. – дейді ведомство басшысы.

Сонымен қатар құрылыс, қаржы және консалтинг салаларына арналған жобалар да бар. Олар - Surfaice, Veridian AI, Perceptis стартаптары. Жаслан Мәдиевтің айтуына қарағанда, суперкомпьютер осындай жобаның барлығын қолжетімді етіп, шетелдік бұлттық қызметтерге тәуелділікті азайтады.

Құрылғы өнімді әзірлеу үдерісін жылдамдатады. Міне осы салалардың барлығына суперкомпьютердің мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Суперкомпьютерді іске қосуға байланысты тағы бір мәселеге тоқталғым келіп отыр. Біріншісі, елімізде ірі есептеулердің жаңа механизмі қабылдануы. Яғни, бұл дегеніміз - осы механизм арқылы елімізге есептеу жабдықтарын жеңілдікпен әкелуге болады. Оның ішінде қосымша құн салығы пен кедендік баждан босату сияқты жеңілдіктер бар. Осы механизмнің арқасында суперкомпьютерді жеткізу мен оны іске қосу бәріміз үшін жеделдейді. Яғни, ол елдегі инфрақұрылымды кеңейтуге жағдай жасайды. Жалпы суперкомпьютерге Ұлттық жасанды интеллект платформасы арқылы қол жеткіземіз. Осы орайда, басымдық әрине стартаптар мен компаниялар, зерттеу орталықтары, университет, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға беріледі, - деп түсіндірді министр.

Қазақстанда суперкомпьютер ресурстары енді Ұлттық жасанды интеллект платформасы арқылы қолжетімді болады. Бұл платформа модельдерді оқытуға арналған қуатты есептеу құралдарын, деректер қоймаларын және дайын тілдік модельдерді ұсынады. Жаңа жүйені мемлекеттік органдар, ІТ-компаниялар, стартаптар мен зерттеу ұйымдары пайдалана алады. Оның ерекшелігі – техникалық білімі жоқ мемлекеттік қызметкерлердің де жасанды интеллект шешімдерін әзірлей алуында. Қазірдің өзінде түрлі ведомство өкілдері салаға бейімделген AI өнімдерін жасай бастады. Министрдің сөзінше, мемлекеттік органдар бұл ресурстарды нақты жобалар үшін қолданады. Әр жоба алдын ала сараптамадан өтеді, бағаланып, қолдануға рұқсат беріледі. Платформаны пайдалану бойынша 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер оқытылды. Суперкомпьютердің есептеу ресурстары қазіргі кезде техникалық баптау кезеңінде. Жақын арада ол платформаға қосылып, министрліктерден бастап стартаптар мен университеттерге дейін кең қолжетімді болады. Мемлекеттік есептеу ресурстарының барлығы платформада бір орталықтан басқарылады. Бұл инновацияларды жылдам енгізуге және сыртқы орындаушыларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Осы ретте "Qazcontent" АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек елімізде қазіргі уақытта өте белсенді дамып келе жатқан жасанды интеллектіге қатысты бірқатар сауалға жауап алу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен сұқбаттасқан еді. Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көруге болады.

Барлық жаңалықтар