Қазақстанның қай аймағында тестостероны ең жоғары еркектер тұрады?

Қазақстанның қай аймағында тестостероны ең жоғары еркектер тұрады?

2025 жылы ғалымдар Қазақстанның барлық 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 бен 69 жас аралығындағы 6720 адамды тексерген. Зерттеу WHO STEPS әдістемесі бойынша жүргізілді. Тестостерон деңгейін жеке талдау үшін зерттеу нәтижелері толық болған 3222 ер адамның деректері іріктеліп алынды деп жазады Democrat.kz. Сайты BES.media-ға сілтеме жасап.

Тексерілген ер адамдардағы жалпы тестостеронның орташа деңгейі 17,89 нмоль/л болды. Медианалық көрсеткіш – 16,88 нмоль/л. Халықаралық көрсеткіштер бойынша ересек ер адамдардағы жалпы тестостеронның жақсы әрі қалыпты деңгейі әдетте 12-ден 33 нмоль/л-ге дейінгі аралықта болады.

174 ер адамның немесе іріктелгендердің 5,4%-ының жалпы тестостерон деңгейі 8 нмоль/л-ден төмен болған. Зерттеушілер дәл осы көрсеткішті биохимиялық тұрғыдан төмен тестостеронның қатаң шегі ретінде пайдаланған.

Зерттеу аясында бос тестостерон деңгейі өлшенбеген.

Зерттеушілер Ұлытау облысындағы іріктеу көлемі аз болғанын, сондықтан бұл өңірдегі қателік ықтималдығы жоғары екенін жеке атап өтеді. Сонымен қатар статистикалық талдау адамның тұратын өңірі тестостерон деңгейіндегі айырмашылықтардың аз ғана бөлігін түсіндіретінін көрсетті.

Яғни зерттеу нәтижелері осы нақты іріктеуде қай өңірде орташа көрсеткіштің жоғары немесе төмен болғанын көрсетеді. Бірақ Ұлытау облысында тұру тестостеронды жоғарылатады, ал Жамбыл облысында тұру оны төмендетеді дегенді дәлелдемейді.

Қазақстандық ер адамдардағы жалпы тестостеронның орташа деңгейі 17,89 нмоль/л болды.

Бұл көрсеткіш шетелде жүргізілген жекелеген зерттеулердің нәтижелеріне шамамен сәйкес келеді. Мысалы, Бейжіңдегі 30–60 жас аралығындағы ер адамдарда орташа көрсеткіш шамамен 17,9 нмоль/л болса, Австралияда 35 жастан асқан ер адамдар арасында шамамен 16,2 нмоль/л болған. Жас ер адамдарда көрсеткіш жоғарырақ: АҚШ-та 18–24 жастағы ер адамдар арасында жүргізілген зерттеуде орташа деңгей 21,6 нмоль/л-ге, ал Гонконгта 20,2 нмоль/л-ге жеткен.

ЖАС ҰЛҒАЙҒАН САЙЫН НЕ БОЛАДЫ?

Бір қарағанда, деректер күткендегідей көрінеді: жас ұлғайған сайын тестостероны төмен ер адамдардың үлесі артады.

Тестостерон деңгейінің 8 нмоль/л-ден төмен болуы:

18–29 жастағы ер адамдардың 4,4%-ынан;
30–39 жастағылардың 5,2%-ынан;
40–49 жастағылардың 5,3%-ынан;
50–59 жастағылардың 6%-ынан;
60–69 жастағылардың 7,5%-ынан анықталған.

Алайда мұнда бір қызықты жайт анықталды. Зерттеушілер ер адамдардың салмағын, қандағы қант деңгейін, липид алмасуын және басқа көрсеткіштерді есепке алған кезде, жас пен төмен тестостерон арасындағы дербес байланыс статистикалық тұрғыдан маңызды болмай қалған.

Қарапайым тілмен айтқанда, әдетте «жасқа байланысты тестостеронның төмендеуі» деп қабылданатын құбылыстың бір бөлігі тек жас ұлғаюымен ғана емес, метаболикалық денсаулықтың нашарлауымен де байланысты болуы мүмкін.

ТӨМЕН ТЕСТОСТЕРОНМЕН ЕҢ КҮШТІ БАЙЛАНЫС НЕГЕ ҚАТЫСТЫ?

Зерттеушілер ең айқын байланысты артық салмақ, семіздік және қандағы қант деңгейінің жоғарылауымен анықтады.

Қалыпты салмақтағы ер адамдармен салыстырғанда тестостерон деңгейінің 8 нмоль/л-ден төмен болу ықтималдығы:

артық салмағы бар ер адамдарда – 1,69 есе;
семіздігі бар ер адамдарда – 3,6 есе жоғары болған.

Көмірсу алмасуының бұзылуымен байланыс бұдан да күштірек байқалған.

HbA1c көрсеткіші предиабет деңгейіндегі ер адамдарда тестостеронның төмен болу ықтималдығы 2,89 есе, ал қант диабетіне сәйкес келетін көрсеткіштері бар адамдарда 3,45 есе жоғары болған.

Төмен тестостерон қалыпты дене салмағы бар ер адамдардың 2,8%-ында, артық салмағы барлардың 4,9%-ында және семіздігі бар ер адамдардың 10,8%-ында кездескен.

HbA1c қалыпты болған жағдайда бұл көрсеткіш 4,1%, предиабет кезінде – 11,6%, ал диабеттік диапазонда – 14,6% болған.

Сонымен бірге зерттеушілер бұл статистикалық байланыс екенін, дәлелденген себеп-салдарлық тәуелділік емес екенін атап көрсетеді. Мұндай зерттеудің нәтижесіне сүйеніп, нақты бір адамда тестостеронның төмендеуіне тікелей семіздік себеп болды деп айтуға болмайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕР АДАМДАРДЫҢ ТЕСТОСТЕРОНЫ ТӨМЕНДЕП БАРА МА?

Бұл сұраққа әзірге жауап беру мүмкін емес. Зерттеу тек 2025 жылғы жағдайды көрсетеді. Қазақстанда бұған дейін дәл осы әдістеме бойынша жүргізілген, салыстыруға болатын жалпыұлттық зерттеулер жоқ.

Сондықтан ғалымдар қазақстандық ер адамдардың қазіргі тестостерон деңгейі 10 немесе 25 жыл бұрынғыдан төмен деп айта алмайды.

Алайда халықаралық деңгейде мұндай үрдіс шынымен де байқалған. 2026 жылғы метаталдауға жеті елдегі 102 мыңнан астам ер адамның 1972–2019 жылдар аралығындағы деректері енгізілген. Оның нәтижесі бойынша жалпы тестостерон деңгейі жылына орта есеппен шамамен 0,26 нмоль/л-ге төмендеген. Бірақ қазақстандық зерттеудің авторлары бұл нәтижелерді Қазақстанға автоматты түрде қолдануға болмайтынын ескертеді.

ТЕСТОСТЕРОНДЫ ТЕГІН ТЕКСЕРУГЕ БОЛА МА?

Иә, бірақ емханаға жай ғана барып, «қызығушылық үшін» тестостеронға тегін талдау тапсыруға болмайды. Тестостерон деңгейін анықтау медициналық көрсетілімдер және дәрігердің жолдамасы болған жағдайда МӘМС аясында төленуі мүмкін зертханалық зерттеулер тізіміне кіреді.

Мұндай талдау, мысалы, гипогонадизмге күдік туғанда, либидо мен потенция төмендегенде, бедеулік кезінде, бұлшықет массасы азайғанда, гинекомастия немесе жыныс бездері қызметінің бұзылғанын көрсететін басқа белгілер байқалғанда тағайындалуы мүмкін.

Тестостерон деңгейін анықтау ер адамдарды бедеулікке байланысты тексеру кезінде жүргізілетін зерттеулер тізіміне де кіреді.

ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?

Алынған деректер зерттеудің түпкілікті нәтижесі емес.

Жалпыұлттық іріктеу негізінде ғалымдар қазақстандық ер адамдардағы семіздік пен көмірсу алмасуы бұзылыстарының төмен тестостеронмен байланысы туралы ғылыми мақала дайындап жатыр. Қазіргі уақытта мақала халықаралық журналда рецензиялау кезеңінен өтуде.

Зерттеулер тестостеронның метаболикалық синдром компоненттерімен байланысына арналған докторлық диссертация аясында да жалғасып жатыр.

Алдағы уақытта ғалымдар осындай жалпыұлттық зерттеулерді бірдей әдістеме бойынша қайталап жүргізуді пайдалы деп санайды. Тек сонда ғана қазақстандық ер адамдардың тестостерон деңгейі уақыт өте келе шынымен өзгеріп жатыр ма, жоқ па деген сұраққа жауап беруге болады.

Барлық жаңалықтар