Танымал блогер Мейіржан Төребаевтың кезекті бір сұхбатында айтқан қазақ ұлтына қатысты ауыр сөздері желіні шулатуда. Осыған байланысты белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
"Масқара, мынаған не дейміз? Басқаларға ренжиміз келіп. Мынауың таза бастан кеткен ғой. Жақсылығымызды асырып, жаманымызды жасырудың орнына...
Жетістіріп сөйлеп отырмын деп отыр-ау шамасы. Мынауың таза қазақ па? Сенбеймін.
Қанша жерден өз ұлтынан жәбір көрсе де, өз қазағын дәл былай мазақтамас еді егер ұлтын шын жақсы көрсе!
Мына подкаста кәдімгідей құшырлана жамандап отыр ғой көзімізді бақырайтып қойып. Мақсаты не сонда бұның? Қазақтілділер - жабайы, надан, түк көрмеген дегісі келді ме?
Білем бұл Өзбекстаннан қоныс аударып келгенін. Тек орыс тілінде сөйлейді. Әйтеуір қазақтар ырза болсын деп оқта-текте қазақша екі ауыз сөз сөйлеп қалатыны бар. Соған аңқау аудиториясы мәз.
Осыны әу баста ұнатпаған едім. Түйсігім алдамапты. Пирамидаға аңқау халықты кіргізіп істі болғанында, елдің барлығы “5 баласына обал арашалаңызшы” деп жазады. «Неге осыған бүйірім бұрылмайды, ай, асылы мен дұрыс емес шығармын?» деп өзімді кінәлағанымды да мойындаймын. Тек сторизіме: “Мейіржанға жаным ашымаса да, Мейірханды босатса екен. Өте байсалды, қарапайым жігіт. Арандатылып қалды-ау” деп күрсіне жазған едім. Кейін әйелінің жазбасын көріп, аяушылық сезімі болды. Оған сабыр тіледім.
Мынауың сонда қазақтарды ашықтан-ашық жабайы, шиебөрі (шакал, гиена) деп отыр ма? Сөзім жоқ.
Оқырмандарым жекеме жіберген екен. Ызаландым. Ескі подкаст болса да, мынаның бір ұрты арам ба дедім.
Қасқырларға теңесе де мейлі дейсің ғой, шакалы нес мынаның?! Сонда деймін де өзі айтпақшы Қазақ болып дүниеге келсе, неге өз ана тілінде сөйлемейді осыбіреу?!
Мына жерде бұл ауыл қазақтарын төмен көрсетіп отырғаны қандай жиіркенішті" деп жазды журналист.