Астана қаласы жаһандық деңгейдегі үлкен спорттық доданы қабылдауға қызу дайындалып жатыр. Биыл жиырма тоғызыншы шілде мен тоғызыншы тамыз аралығында елордада «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі өтеді. Бұл ауқымды шара «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ұйымдастырылуда. Жарыстың басты технологиялық серіктесі еліміздегі ең ірі байланыс операторы – «Қазақтелеком» компаниясы атанды. Ұлттық оператор командасы барлық спорт алаңдарын өзара жалғап, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрерменге жоғары жылдамдықты цифрлық желі ұсынады.
Он екі күнге созылатын жарыста елуден астам ұлттың өкілі бақ сынайды. Сегіз жүзден астам спортшы мен киберспортшы халықаралық клубтарға бірігіп, жалпы жүлде қоры төрт миллион АҚШ долларынан асатын сыйақыны сарапқа салады. Еліміздің атынан сайыстың барлық сегіз түрінен өнер көрсететін он бір команда қатысады. Сондай-ақ қонақтарды қарсы алып, жұмысты үйлестіру үшін арнайы дайындықтан өткен бір мың үш жүзден астам ерікті жұмылдырылады.
Турнирдің салтанатты ашылуы жиырма тоғызыншы шілдеде «Барыс Арена» сарайында өтеді. Көрермендерді танымал қазақстандық әртістердің өнері мен жасанды интеллект графикасы, жарық проекциялары, LED-инсталляциялар және робототехника ұштасқан ерекше шоу күтіп тұр. Одан кейін негізгі сайыстар «Барыс Аренада», «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында және Beeline Arena теннис орталығында жалғасады. Трибунаға бара алмайтын жанкүйерлер барлық қызықты сәтті «Қазақтелекомның» күшімен Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Фиджитал спорттың басты ерекшелігі – дәстүрлі спорт пен бейнеойындардың бірігуінде. Командалар әуелі виртуалды алаңда сынға түсіп, кейін нақты спорт алаңында жарысты жалғастырады. Жеңімпаз екі кезеңнің нәтижелері бойынша анықталады. Бағдарламаға еліміздің ірі брендтері демеушілік жасайтын сегіз бағыт енген:
-
Phygital Football UFL (Samruk-Kazyna қолдауымен);
-
Phygital Basketball (Halyk Fund қолдауымен);
-
Phygital Fighting (Kazzinc қолдауымен);
-
Phygital Dancing (Solidcore Resources қолдауымен);
-
Phygital Shooter CS2 (Yandex GO қолдауымен);
-
Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS (Alatau City Bank қолдауымен);
-
MOBA PC Dota 2 (CenterCredit қолдауымен);
-
MOBA Mobile MLBB (FREEDOM қолдауымен).
Бұл ауқымды іс-шараға дайындық жұмыстарына мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және мыңдаған маман жұмылдырылған. «Болашақ ойындарын» өткізу халықаралық фиджитал қозғалысына серпін беріп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі шараларды ұйымдастырудағы зор әлеуетін паш етеді. Ал компанияның осындай күрделі жобаны инфрақұрылымдық тұрғыдан қолдауы отандық байланыс жүйесінің спорт пен жоғары технологиялар тоғысындағы ірі додаларды қамтамасыз етуге толық дайын екенін көрсетеді.