Қазақты шатыстырған "сары кітап": Тұтас ұлттың "тәйт!" дейтін кезі келді

Қазақты шатыстырған "сары кітап": Тұтас ұлттың "тәйт!" дейтін кезі келді

“Сары кітап” шыққанда оқыма дегем жоқ, керісінше: “Оқы, сосын “Бабалар аманатын” оқы, “Күретамырды” оқы, қайсысы қазаққа жақын, қайсысынан мүңкіген иіс шығатынын пайымда”, - дедім көп оқырманға.

Қазақтың бүкіл салт-дәстүрін 25 пайғамбардан таратып, ислам дініне дейін салты мен дәстүрі, ырымы мен тыйымы, әдеті мен ғұрпы, наным-сенімі қалыптасып қойған көне халық - қазаққа салт “жасап” беріп өтірік қиссалармен миды ашытудың соңында не тұр?

Міне, өткенде кеңірдегің керіліп, өңешің жыртылардай болып қорғаштаған қыздың білгішсініп отырғаны - осының жемісі. Неге өтірік қисса, өйткені ешкім ести қоймаған. Есте сақталмаған. Күні кеше ойдан құрастырылса, қалай есте сақталмақ?

Ал жарайды, аңыз ғып құрап, қазіргі қазаққа сіңірудің “заманауи” түрі деп қабылдап көрейік. Ай, онда неге біздің салттың бәрі күллі мұсылманға сүннет емес, неге тек түркі халықтарына тән? Уот!

Осыны ойлағысы келмейді санасын сектаға сансыратқандар. Дін дегенді көрінген тесікке тықпалай бермей, алдымен жай ғана қазақ боп алыңдаршы. Өз басым Майқы бидің Мұхаммед пайғамбардан үлкен екенін білем, апам күштілеп түсіндірген. Қалғаны - оттаған әңгіме.

Анау “білгіш” шетел көрген оқымысты мынаны оқысын! Екі ортада “ажырасқандар қайда барады” деген түлкі құсап “чочаң-чочаң” етіп жүргендер, “аранжировка” жасамай, “копировать” “вставитьті” басып сауатты һәм мәдениетті түрде жеткізіңдер.

Айтпақшы, еркінбіз, тәуелсізбіз, зайырлы мемлекетпіз, демократия бар, артын жуып мал табатындай есек біреу емес, көп! Күнкөріс керек, не істесең де өзің біл!

Бірақ қазақтың өз салтын негізсіз бұрмалайтындарға, апам айтқандай, жамбасынан бір ұрып салт жасайтындарға, ұлттық дәстүрді қорлайтындарға айып салатын, жазаға тартатын заң керек. Шығаратын кезі жетті. Өткенде ана біреу отқа май құю жөнінде көкіді.

“Тек” деген бірі жоқ. Осы жолы Абайдың төсегіне мұрын тығып бықсығанға тағы селт етпеді зиялы қауым һәм биліктегі, ең болмаса, қағаз-қаламға жақыны. Ендігісі - мынау. Тағы шетінен керең, көзі ағып кеткен, бәрі саңырау. Не көрінген қазаққа? 

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист.

Барлық жаңалықтар