"Қазақтың тексізденуі - еркектің бейшаралығынан болуда" дейді қоғам белсендісі

"Қазақтың тексізденуі - еркектің бейшаралығынан болуда" дейді қоғам белсендісі

Кешелі бері әлеуметтік желіде журналист Ербол Мәндібектің "Қазақстан жиенін баққан елге айналды" деген жазбасы қызу талқылануда деп жазады Democrat.kz.

Журналистің бұл жазбасына қатысты қоғам белсендісі Серік Ерғали жауап беріп, "қазақтың жеті ата институтын құрмасақ, ата тегімізден ажыраймыз" деп дабыл қақты. 

"Шын мәнінде бұл қазақ үшін өте өзекті тақырып. Бұған әзір саяси, мәдени-ғылыми елита назар аударып отырған жоқ.Өйткені барлық саланы еброкіндікшіл идеология кеуледі. Сана сансырады, мәдениет дүбәрәланды, адам мәңгүрттенді.

Бұл тақырып қазақтың кемел институты Жеті атаның әбден күйрегенін білдіреді. Бірақ оның орнына әйелдер қауымы құрған Жеті ана институты да жоқ...

Тұрсенгали Алагузов (амал жоқ, осы жігітті мысал ретінде алып отырмын, әйтпесе әрбір екінші неке ажырасып, күйреп тынуда) бірінші әйелінің балаларынан өзінің атын алдырып тастағанын күрсіне отырып жеткізді. Былай қарасаң, бұл Тұрсеннің "жеке шаруасы, тағдыры".

Бірақ тіпті де олай емес. Шындығында Алагузовтың кіндігінен тараған әсіресе ұл жетіаталық тармақтан үзіліп түсіп, тексіздікке ұшырады. Жалпы тексіздік - ортақ генетикалық тамырдан алшақтау, жеті буындық туыстықты үзу, тәрк ету. Басқа ештеңе де емес. Ал бұған ең әуелі сол әулеттің ақсақалдары ойбай салуы керек, немеремен байланыс орнатуы қажет. Онымен рухани-туыстық қатынас орнату керек!

Өгей қызына сұхбат беріп отырған Тұрсен/Тұрсын өзінің рухани күйзелісін білдірді. Әке ретінде ғана түсінуге болады. Қазақ ретінде оның ұрпағы төршежіреде тұруы керек қой! Жеті атаны Тұрсеннің өзі де білмейді. Тіл білмегесін қайдан біледі?

Ал енді осы әулеттің Жеті атасын кім түгендеп, туыстық қауымды түлетіп отыр? Ешкім! Қазақтілді қазақтың өздері де білмейді, тіпті қазақтың 20 пайызы ғана жеті атасын біледі, қалғаны мақұрым екенін тектанушы мамандар күрсіне жеткізуде.

Міне рухани-мәдени мәселе қайда жатыр? Тексіздік қай жақтан келуде? Ертең әлгі ажырасқандардың балдары тәртіпсіз, жауапсыз некелеседі болмаса жыныстық қатынасқа түседі. Олар ешқашан жеті атасын сұрамайды, оларда ондай тәрбие атымен жоқ! Болып та жатыр. Сонда бүкіл ұлт тексіз болмай ма?

Ал сен Ербол Мәндібек бұл тақырыпты жеңіл-желпі пост етіп отырсың. Әлгі нағашы атамен бірге күрсініп, жыламайсың ба? Оны жұбататын шешім іздемейміз бе? Енді - 5-10 жылда жылайтын нағашы да табылмай қалады!

Тексіздік қазақ жігіттерінің бейшаралығынан! Белінен тараған баланы қатынға қалдырып, көрінген жерге жетімдерді, тексіздерді балалатып жатыр... Бұндай тексіз күйеулер қайдан шығып жатыр? Бала-шағасын асырай алмай, қатын-баласын ұрып-соғып, ақыры ажырасып тастап кетіп, олармен байланысты үзіп, қарабет болып, тағы бір қатынның қойнына кіріп жүрген делқұлдар қайдан шығып жатыр?

Тайпа мен рудың атына мақтанып, сүйегі қураған батыр атаның атын жамылған тексіздік қайдан? Оның орнына Жеті ата қауымы неге қолға алынбай отыр?

Бүкіл қазақ осыған бас қатыруы керек.

Құрылтайда насыбай емес, басты көтеретін тақырып - ЖЕТІ АТА!" деп жазды Серік ЕРҒАЛИ.

Барлық жаңалықтар