Qazbilim мектеп - лицейінің кей мұғалімдері жалақысын ала алмай жүргенін айтып шағымданды

Qazbilim мектеп - лицейінің кей мұғалімдері жалақысын ала алмай жүргенін айтып шағымданды

Facebook әлеуметтік желісінде блогер Жасұлан Жақыпов "Qazbilim" мектеп-лицейлерінің кей мұғалімдерінің жалақысы кешігіп, ала алмай отырғаны туралы жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

"Аятжан Ахметжанұлы — ұлтшыл ұстаз, химик, блогер. Қытайдан келген қандасымыз, сөзі мен білімі мықты азамат ретінде елге танылды. Бірақ…

Соңғы кезде ұстаздардың ішкі көңіл күйіне әсер етіп жүрген жағдайларға куә болдық. Қазбілім орталығы жеке лицейінде қызмет ететін, білім нәрін сусындатып жүрген мұғалімдердің жалақысы кешігіп жатқанын, еңбегі еленбей жүргенін көру — ойландыратын дүние.

“Білім сапасы — ұстаздың жағдайына тікелей байланысты” деген сөз бекер емес. Ұстаз көңілсіз болса, оқушыға қалай мотивация бере алады? Ұстаздың еңбегі әділ бағаланбаса, болашаққа неге үміт артамыз?

Иә, кешігулер, техникалық қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ ол жүйелі сипат алып, сенімге селкеу түсірсе — бұл ұстазға ғана емес, бүкіл қоғамға кері әсер етеді. Өйткені бүгінгі мұғалім — ертеңгі елдің сәулетшісі.

Сондықтан, біз енді тек “әдемі сөйлегенге” ере бермей, “нақты іске” қарап баға беретін уақытқа келдік. Әйтпесе қоғамда халықты өз сөзімен елітіп, ал ісімен кері әсер етіп жатқан тұлғалар аз емес.

Жүйе де, тұлға да ұстаз алдындағы әділетті ұмытпасын. Мына скриндегі Ұстаздың жанайқайын оқып, мына жағдай шын болса өте ұят болған екен. Бұл істері жарамады" деп жазды Жасұлан Жақыпов. 

 


Блогердің бұл жазбасына қатысты пікір жазған Бақыт Болат есімді желі қолданушы: 

Baqyt Bolat
Жасұлан інім, өзекті мәселе көтеріп отыр екенсің.
Мектеп басшысының бар кінәні министрлікке жауып қоя салуы бұл — мәселенің шешімі емес, айналайындар!
Сол айлығын кешіктіріп алып жатқан мұғалім үйіндегі шырылдап жатқан бала-шағасына да тамағын бір ай кешіктіріп берсін бе?! Қазір қадам бассаң барлық нәрсенің шешімі ақшаға кеп тіреледі, білесіздер. Ішіп-жеуің де ақша, киінуің де ақша, жүретін қоғамдық көліктер де ақша.. жұтып жатқан ауаңнан басқасының барлығы ақша ғой, айналайындарым! Ақылға қонатын нәрсе айтыңыздаршы! Басшы деген лидер болуы керек. Қандай кезде де ситуациядан шығатын жолды тауып, қол астындағы қызметкерлерінің жағдайын жасауы керек. Содан соң Қазақта әдемі сөз бар "Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама" деген. Қол астындағы қызметкерлерінің жағдайын жасап, мәселесін шешіп бере алмаса, ең дұрысы, өйтіп жекеменшік мектеп ашпай-ақ қоюы керек. Дәл осы жерде Жасұлан інімді қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Керек болса, жекеменшік мектеп ашатын басшылардың қосымша қоры болуы керек. Қайткенде де мұғалімнің айлығын дер кезінде беріп отыруы керек. Айлығын уақтылы алмаған мұғалім баланы сапалы біліммен қалайша қамтамасыз ете алады? Аш мұғалімнен сапалы жұмыс күту – қисынсыз дүние! Басқа-басқа Қазбілім орталығында мұндай проблема болады, деп ойламаппын. Жиенімді сол орталыққа оқуға кіргізсем, деп ниеттеніп жүргем ғой. Ойымнан айнып қалдым. Жүре берсең көре бересің, деген рас екен-ау!" деп жазды. 
 

 

Барлық жаңалықтар