Психологқа барды деп сөгеді ғой...Ата-анасы тізеге салып отырып өзінің ебі жоқ мамандыққа түсіріп, сол мамандықтың қамытын киіп, сыпырып тастайын десе батылы жетпей, келешегінен қорқып жүрген, сол үрейден арылам деп психолог жағалап жүрген қызды сөге аласыз ба?
Ата-ана сүйіп тұрған жігітіне бермей қойып, жүрегі жараланып, құса болып, сол құсадан арылсам деп жүрген қызды сөге аласыз ба?
Өмір бойы бауырларына қамқор, қартайған ата-анасына сүйеу боламын деп тұрмысқа шықпай қалып, жаны жүдеген қызды сөге аласыз ба?
Кезінде кемпір-шалдың қызы болып, кейін ата-анасымен тіл табыса алмай жаны жүдеп, соның амалын іздеген қызды сөге аласыздар ма?
Ішіндегі өнері, әні, қолөнері тұншығып, соған жете алмай құса болып, сол күйден арылмаққа психолог жағалаған қызды сөге аласыздар ма?
Мына жақта бала-шаға, ана жақта ата-ана, бәрінің қамын қылам, келешегіне мал табам деп шаршап жүрген келіншекті сөге аласыз ба?
Күйеуі алып қашып алған, бір мейірленіп басынан сипамай келе жатқан келіншекті сөге аласыз ба?
Жалындап тұрған жас ғалым от басы ошақ қасына омалып, дарыны өліп бара жатқанына құсаланып, соның емін табам деп психолог жағаласа, оны сөге аласыз ба?
Күйеуі үстіне әйел алып, іштен тынып, жастай солып бара жатқан келіншек психолог жағаласа, оны сөге аласыз ба?
Күйеуі диванмен біте қайнасып кетіп, қазанына салар асты табаны тесіліп тауып жүрген келіншек сол жағдайдан шығар амал іздеп психолог жағаласа, сөге аласыз ба?
Дәл осындай болмаса да, басқа күйге түскен, жанында, жүрегінде, ойында мың-миллион уайымы бар қыз-келіншекті, сол күйден арылар, алаңсыз күлер күй іздеген адамды жаныңа дауа іздедің деп сөге аласыз ба?
Ай бірақ, сіздер сөгесіздер ғой...
Білем, сіздерге осының бәрінің бір-ақ емі бар: байыңа қара, ата-енеңе қара, қонағыңды күт, сонда жаның да, жүрегің де тыныш болады. Тек сіздер өз қыздарыңызды тек сол өмірге дайындап өсіріп жатқан жоқсыздар ғой. Ал біреудің қызы сіздің үйге келіп соны істемей қояды деп қорқасыздар.
Сіздер қорқасыздар. Қорыққан соң жұрттың адымы мен етегін аңдисыздар. Тек неден қорқатындарыңызды өздеріңіз де білмейсіздер.
Сіздер болмыс дегенді тек қазақылық деп ұғасыздар. Қазақылық деген сіздер үшін "адамдық" дегеннің алдына шығып кеткен.
Назгүл ҚОЖАБЕК, журналист.