«Қазцинктегі» жарылыстың себептері неге жарияланбай отыр?

«Қазцинктегі» жарылыстың себептері неге жарияланбай отыр?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында үш адам қаза тапқан жарылыс бойынша тергеу нәтижелері қашан жариялануы мүмкін екенін айтты деп жазады Democrat.kz. сайты Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап. 

Вице-министрдің айтуынша, тергеу әлі жалғасып жатыр, әрі жұмысқа ғалымдар да тартылған.

— Біз бұл мәселеге жан-жақты қарап жатырмыз, жарылыстың қалай болғанын толық түсіну үшін университет ғалымдарын да тартып отырмыз. Нәтижелер міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланады. Мерзімі бойынша айтсам, шамамен маусым айы деп ойлаймын, — деді Тұяқбаев Мәжіліс кулуарында.

Еске сала кетейік, 5 мамыр күні таңертең зауыт аумағында жарылыс болды. Төтенше жағдайдан кейін қаланың үстіне қою ақшыл түтін көтерілді. Үш адам қаза тауып, тағы бірнеше жұмысшы ауыр күйік алған.

Апаттан кейін Өскемен тұрғындары өздерінің денсаулығы нашарлағанына шағымдана бастады. Адамдар асқазан ауруы мен мұрын-жұтқыншақтың күйгенін айтқан. Сонымен қатар, зауытқа жақын орналасқан тұрғын аудандарда мамандар ауадағы зиянды заттардың мөлшері шектен асып кеткенін тіркеген.

Барлық жаңалықтар