Қоғам белсендісі Нартай Сауданбекұлы экс шенеунік Бекболат Тілеуханмен болған кездесуі туралы айтып, жұрттан оңбай сөз естіп қалды деп жазады Democrat.kz.
"Бүгін Бекболат ағамен 1 сағаттай серуендеп сұхбат қүрдық. Затаевичтің жазғандарынан біраааз әңгіме шертті. Тыңдай бергің келеді.
Алғаш Бекеңнің әңгімесін Солтүстік Қазақстанда осыдан 14-15 жыл бұрын, бәлкім тағы 1-2 жыл ертерек тыңдап едім. Ол кезде тақырып Абай хәкім болған.
Оқыған тоқығаны бөлек адам ғой шіркін. Ағамды талай кездестіріп жүрсем де бетіне мақтамайтынмын. Біртүрлі ерсі көретінмін. Бүгін соның бәрін ысырып қойып бетіне мақтадым.
Себебі Бекеңнің ән өнеріне қосқан үлесі ұшан теңіз. Кейін ән, өнер зерттеушілер Бекеңнің өз бағасын бере жатар. Бірақ өз басым бұл кісіні феномен деп білем.
Мағауин 7 ғасырды жырлатып түгендегені қандай құнды болса Бекеңнің сол жыраулар насихатын күйге салып біздің құлаққа жеткізгені содан кем емес дүние.
Қазтуған, Ақтамберді жыраулардың жырын, Абай өлеңдерін анандай қылып жырлау... әй білмеймін басқа біреудің қолынан келе қоймас ау сірә. Қазақта шамаң келсе "Шаманы" шырқашы деп жатады. Бекеңнің Шаманы шырқауы қандай.
Қайран да менің еділімнің ар жағындағы домбыра партиясы тіпті сұмдық енді. Солардың бәрін бір мақтау сөзге сыйдырып алдына төге салдым не болса да.
Мықтыны мықты дей білу керек қой. Бір жылы сөз қимайтын тас бауыр боп барамыз әйтпесе.
Сосын сөзім сөз.
Бұрыңғы президентті жамандамаған екі-үш ақ адам болса соның бірі осы Бекең. Аяғына дейін адалдығынан айнымады.
Тіпті Мырзекең аунап түсіп жатса дағы, өз басына таяқ пен сөз қарша бораса да айнымады. Ал бұл нағыз еркекке тән қасиет. Аман болыңыз аға"деп жазды Нартай Сауданбекұлы.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасын қолдап, "дұрыс" деушілерден гөрі, "Бекең балаларды салафит етті", "қаңтарда қашып кетті" деп ренішін білдіргендер тіпті көп болды.