Қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы қамауға алынды

Қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы қамауға алынды

Журналист Амангелді Батырбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан қаласының тергеу соты Құрал Сейітханұлына қатысты шешім шығарып, оны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен екі ай мерзімге қамағанын хабарлады деп жазады Democrat.kz.

Сот отырысынан кейін ол бұған дейінгі жазбасында сот шешімі жөнінде күмән болғанын да еске салды. Оның айтуынша, күдіктіге қатысты шешім Қылмыстық кодекстің 128-бабында көрсетілген талаптарға толық сай келуі тиіс.

Автордың пікірінше, заң бойынша адамды қамауға алу тек оның тергеуден жасырынып қалу қаупі немесе жаңа ауыр қылмыс жасау ықтималдығы нақты дәлелденген жағдайда ғана қолданылуы керек.

Ол Құрал Сейітханұлының соңғы жылдары бірнеше рет әкімшілік және тергеу әрекеттеріне тартылғанын, бірақ еш жағдайда құқық қорғау органдарына қарсылық көрсетпегенін алға тартады. Сондықтан мұндай шешімнің негізділігіне күмән келтіреді.

Сонымен қатар жәбірленуші ретінде танылған Л-ның сот барысында айтқан эмоциялық мәлімдемелері құқықтық шешімге негіз бола ала ма деген сұрақты көтереді.

Журналист апелляциялық сот сатысы бұл іске қайта баға беріп, күзетпен ұстаудан бөлек бұлтартпау шарасын қарастыруы мүмкін деген үмітін білдірген.

Ол өз жазбасында: "егер Құралда тергеуден жасырынып қалу, я жалтару, я қашып кету, я неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деген титімдей де негіз болса - аямаңдар қамаңдар!" деп атап өткен.

Дегенмен, автор мұндай нақты негіздер болмаса, қамауға алу шешімі құқықтық тұрғыдан да, әділет қағидаты тұрғысынан да дау тудыратынын айтады.

Дереккөз: arysinfo.kz.

Барлық жаңалықтар