Қорғауға тиіс кәсіподақ мұғалімді сотқа берген: Мұғалімді бір біріне айдап салу әдісінің ақтөбелік үлгісі

Қорғауға тиіс кәсіподақ мұғалімді сотқа берген: Мұғалімді бір біріне айдап салу әдісінің ақтөбелік үлгісі

Ақтөбе қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №71 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әділова әділдік таппай жүргенін айтып, тиісті органдардан көмек сұрады деп жазады Democrat.kz.

Еске салып өтейік, Айжан Әділова бұған дейін де Президентке және өзге де құзырлы органдарға бейнеүндеу жолдап, көмек сұраған болатын. Өкінішке қарай, мұғалімнің сол видеоүндеуінен кейін өзіне түрлі қысымдар жасалуы үдеп кетіпті.

"Талапта президент және өзге де лауазымды тұлғалардан көмек сұраған видеоны өшіруімді, теріске шығаруымды, олай болмаған жағдайда іс сотқа кететінін көрсеткен. Әлеуметтік желілерім бұғатталды, жеке мәліметтерім арандатушылық мақсатта әлеуметтік желіге салынды", деген Айжан Әділова өзін тіпті кәсіподақ та қорғамай отырғанын айтады.

Мұғалімнің құқығын қорғауға тиіс кәсіподақ керісінше, сотқа шағым түсірген. Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лида Уралбаеваның атынан Айжан Әділоваға "Сотқа дейінгі талап" жіберілген.

Құжаттағы негізгі талаптар:

  • 2026 жылдың 24 мамырында «TikTok» желісінде жарияланған бейнеүндеуді толықтай өшіру.

  • Кәсіподақ пен оның басшылығы туралы айтылған сөздерді теріске шығару.

  • Талап 2 (екі) күнтізбелік күн ішінде орындалмаса, іскерлік беделді қорғау және рухани зиянды өндіру үшін сотқа шағым түсіру.

 

Айжан Әділованың сөзінше, басшылық ұжымдағы ұстаздарға "мектепте ешқандай қысым жоқ" деген арнайы қағазға мәжбүрлеп қол қойғызып жатқан көрінеді.

Бірнеше әріптестері Айжанға жеке хабарласып, "Айжан, өзіміз де қысым көрдік, "Амал жоқ, қол қойдық. Себебі 3-4 келіп, қол қойғанша келіп жатыр","Қудалауға ұшырап, жұмыстан шығып қаламыз ба деп қорқамыз. Тізімнен бізді көрсең, ренжімеші..." деген.

Ақтөбелік ұстаз Айжан Әділова өзіне жасалып жатқан осындай қиянаттан мен заңсыз әрекеттерге қатысты көмек сұрап, үндеу жасады.

Барлық жаңалықтар