Танымал журналист Жазира Бегалы Жамбыл облысындағы аурухананың бірінде болған сұмдық жайтты баяндады деп жазады Democrat.kz.
"Кеше Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында 6 жастағы Әли аурухана төсегінде көз жұмды. Нағашы әпкесі Арайлымның айтуынша 3 жыл бұрын осы ауруханада Әлидің анасы Аяулым қайтыс болған. Жүкті екен.
Марқұмның құрсағындағы 7 айлық шарана да жарық дүниеге келмеді. Марқұм балақайдың денсаулығының нашарлап кеткенін айтып, апасы ауылдың амбулаториясынан аудандық ауруханаға жолдама алу үшін әбден сенделген.
Аудандық орталық ауруханаға жатқанымен Әлидің беті бері қарамаған. Аяулымның айтуынша апасы немересіне ем сұрап, дәрігердің тізесін құшақтап жылапты. Жұдырықтай бала меңдеген дерті асқынып, бақилық болды.
Марқұмның отбасы баланың қазасына дәрігерлерді кінәлап, сот-медициналық сараптама бұрмаланбаса дейді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ханым бұл дауға назар аударады деген үміттемін. Құланнан тағы бір кісі “ауруханаға баруға қорқып отырмыз” деп жазыпты.
Жолдама алу машақат. Менің де бір нағашым ауруханаға жататын күнді күтіп жүргенде жүрек қағысы тоқтап қалған. Ешкім сотқа жүгінбеді. Мынау аурухана ішінде алты жастағы баланы дәрігерлер неге ажалдан арашалап қалмады екен?"деп жазды журналист.