Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов өз Facebook парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жариялады, деп хабарлайды Democrat.kz.сайты Orda.kz.-ке сілтеме жасап.
Хатта Қосанов 2019 жылғы президент сайлауында ресми түрде екінші орын алған азамат ретінде бес маңызды мәселе бойынша пікірін білдірген. Саясаткер хатында ел мүддесі мен азаматтық қоғамның пікір білдіру құқығының маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Ол министрлер мен әкімдерге тым сенбеуге кеңес береді, өйткені олардың бәрі бірдей таза ниетті және іскер деп айтуға болмайтынын ескертеді.
«Билікке сын айтқанның бәрі бүлікшіл емес, террорист емес. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Азат ойлы азаматтар ойындағысын айтсын, ол үшін қудаланбасын» деп жазды Қосанов.
Қосанов мемлекеттің қаржылық ресурстарын ішкі саясат пен рухани салаға дұрыс бағыттау қажеттігін атап өтті.
«Соңғы кезде қаржылық ахуал мүшкіл деген сылтаумен ішкі саясат, рухани салаға жұмсалуы тиіс қаржы қысқарып жатыр: өз идеологиясын қаржыландырмаған мемлекет басқа елдің идеологиясының құрбаны боп кетеді емес пе?».
Сонымен қатар ол билік айналасындағы кландық және касталық ұғымдардың күшейіп бара жатқанын да атап көрсеткен. Ол президенттің айналасындағы кейбір адамдардың билік үшін таласып, бір-бірін «түтіп, жеп қоюға» дейін баруы мүмкін екенін ескертіп, мұндай жағдайдың елдің амандығы мен жер тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Қосанов қазіргі кадрлық саясат пен электораттық мәселелерді де сынайды:
«Бүгінде Назарбаев тұсында салтанат құрған трайбализм, рушылдық, жершілдік секілді біртұтас қазақ ұлтына зиян келтіретін кадрлық кеселдер ушығып бара жатқан секілді. Кадр саясатын тым «дипломаттандырып» жібердіңіз, мықты елші мықты әкім болады деп кім айтты?».
Ол 2029 жылғы президент сайлауын ашық, әділ және қазақ ұлтының біртұтастығын қамтамасыз ететін форматта өткізуге шақырған.
«Өзіңіз сайлауға түспеймін деген алдағы 2029 жылғы науқанға өркениетті, қазақтың біртұтастығын қамтамасыз ететін, сайлау мейлінше жалпыұлттық тұрғыда легитимді болатындай жағдай жасаңыз» деп жазған Қосанов.
Хатта Қосанов жеке кездесуге шақырмайтынын, бірақ қоғам мүддесі үшін ой-пікірін ашық жеткізу қажеттігін де атап көрсеткен. Ол Президенттің «Алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына сәйкес өз ойларын жеткізгенін және Қазақстанның әділетті, ашық қоғамға көшуін қолдайтынын мәлімдеген.