Әлеуметтік желідегі парақшасында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов таныстары мен достарына ескерту жасап, жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.
"Өкінішке қарай, тағы да менің атымнан әлеуметтік желілерде арандатушы сипаттағы фейк аккаунттар ашылып, ал WhatsApp арқылы алаяқтық мазмұндағы хабарламалар таратылып жатыр.
Сіздерден барынша сақ болып, мұндай әрекеттерге сенбеулеріңізді сұраймын. Менің барлық ресми жазбаларым тек расталған, ресми парақшаларымда ғана жарияланады.
Егер менің атымнан күмәнді хабарлама алсаңыз немесе жалған аккаунт көрсеңіз- сенбеңіз, және мүмкін болса, “Шағымдану” батырмасын басып, әкімшілікке хабарлаңыз. Бұл- фейк ақпараттың таралуын тоқтатуға көмектеседі.
Мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, тиісті құқық қорғау органдарына жүгінуді қарастырамын.
Түсіністік пен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Мен әрдайым ашықпын- бірақ тек ресми, шынайы парақшаларымда ғана ақпарат шығады.
Фейк пен алаяқтардан сақ болыңыздар!" деп жазды Асхат Аймағамбетов.