"Құрбан айттың алдында балаларды құрбан еттік" деді журналист

"Құрбан айттың алдында балаларды құрбан еттік" деді журналист

Батыс Қазақстан облысында орын алған қайғылы жағдайға қатысты журналист Еркін Қарин жұрт күрсініп, ойға қалатын жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Сырым ауданында үй өртеніп, бес бүлдіршін көз жұмды. Алды бесте, қалғаны енді ғана қадамын апыл-тапыл басқан сәбилер. Шешесі еден жуады, күнкөріс үшін біреудің кір киімін жуады, әкесі кезекті “калымға” кеткенде балаларды сыртынан құлыптап кетеді екен. Бес баланы асырау керек қой. Төтеншеліктер балаларға иіс тиді деді. Ауруханаға әкелгенше шетінен шетінеп кетіпті. Қазір өртенген үйдің басында погон тағып, папка арқалағандардың жеті атасы жүр. Сынақ-өрт зертханасы мен психолог та жолға шығыпты. Ендігі жеткен шығар? Бірақ айдың күні аманында қайғыдан қан жұтқан отбасыға одан не қайыр? Енді ентігіп кінәлілерді іздейді, үйін жалға берген қожайынды қинайды, айыптылар ауыр жаза арқалар. Әзірге әріптестерім ақпарат ала алмай, әкімдік пен ТЖД арасында тентіреп жүр. Блогер барса, бұтына жіберген баладай дірілдейтін көп шенді қазір есігін тарс жауып алып жауаптан жалтарудың қамын жасап жатқан да шығар. Сәл кейінірек: … бұл жағдай жіті назарда деп жақауратып, тікелей бақылауымда,-деп басталар небір мәлімдеме жасалар. Бірақ одан… Айтпақшы көпбалалы отбасының баспанасы да жоқ, осы үйді жалдап тұрыпты. Былтыр су тасқынынан зардап шеккендерге үй таратқанда осындай жағдайы нашар отбасыларды да жарылқап жібергенде ғой. Бәрібір әкімдігің қолдан құжат жасап, қып-қызыл даудың ортасында қалып жатыр ғой. Бәлкім бұл үйелменге жаңа үй берсе, антикордың алдында жауапты болса да, шиеттей сәбилерді шырқыратпай, сауапты боп қалар ма еді… Әйтеуір Құрбан Айттың алдында қырғын баланы құрбан қып жібердік. Ғайыптан тайып көктен көк қошқар да түспеді. Біразың балшықтан бала жасай алмай жүргенде, бағусыз қалдырған, сұраусыз сенделткен бұл періштелер бізге керегірек деп шешкен шығар бәлкім… ...Қыс болса-ақ Қазақстан жылынады, Бес-бестен сәби өртеп! ҚАЗАҚ ӨРТЕП! Бірақ ол кез қыс еді ғой…" деп жазды Еркін Карин. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар