Құрылтай депутаттары мандатынан қалай айырылады?

Құрылтай депутаттары мандатынан қалай айырылады?

Құрылтай депутатының өкілеті тек сайлау мерзімі біткенде ғана емес, заңда көрсетілген нақты жағдайларда да тоқтатылуы мүмкін деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.

«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасында депутат мандатын тоқтатудың бірнеше шарты жазылған. Құжатқа қарағанда, депутаттың өкілеті мерзімінен бұрын өз өтініші бойынша, отставкаға шыққанда немесе өз міндетін атқара алмайтын жағдайға жеткенде тоқтайды.

Ең қатаң негіздердің бірі сот үкімі. Егер депутатқа қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе, ол Құрылтайдағы орнын сақтап қала алмайды. Заң жобасы депутат мәртебесін саяси қалқанға айналдырмауды көздейді.

Тағы бір маңызды талап…

азаматтыққа қатысты. Депутат Қазақстан азаматтығынан айырылса, елден тыс жерге тұрақты тұруға кетсе немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса, мандатынан айырылады. Құрылтай мүшесі ел атынан шешім қабылдайтындықтан, оның елмен құқықтық және саяси байланысы үзілмеуі керек.

Партиялық тізім арқылы сайланған депутат үшін бөлек норма бар.

Егер ол өзін ұсынған партиядан шықса немесе партия мүшелігінен шығарылса, мандатынан айырылуы мүмкін. Құжатта саяси партия арқылы келген депутаттың өкілеті сол партиямен құқықтық байланысқа тәуелді екені аңғарылады.

Депутат қайтыс болған жағдайда да оның өкілеті тоқтатылады. Мұндай кезде Орталық сайлау комиссиясы тиісті негіздің болғанын тіркеп, Құрылтайға ұсыныс енгізеді. Соңғы шешімді Құрылтай қабылдайды.

Заң жобасында депутаттың өкілетін тоқтату жай ғана техникалық рәсім емес, саяси жауапкершілік тетігі ретінде берілген. Мандат халық атынан сөйлеу құқығын береді. Бірақ азаматтықтан айырылу, сотталған адамға айналу, шетелге тұрақты көшу немесе партиялық мандаттың саяси негізін жоғалту депутат орнын сақтап қалуға мүмкіндік бермейді.

Барлық жаңалықтар