Құрылысшылар пәтерді шатыстырып, басқа үйге ремонт жасаған

Құрылысшылар пәтерді шатыстырып, басқа үйге ремонт жасаған

Астана тұрғыны Threads желісінде бизнес-класс санатындағы тұрғын үй кешенінде жөндеу жұмыстары кезінде құрылысшылар пәтерлерді шатастырып, өзіне тиесілі емес пәтерге жөндеу жасағанын жазды деп хабарлайды Democrat.kz.

«Барлық пәтерде бір пин-код, бір пароль болған. Бүгін кілт алуға барсам, менің пәтерімде жөндеу жүріп жатыр екен. Әр пәтерге бөлек пин-код қоюға болмай ма? Сіздерде «прогрессивті» Big App бар ғой. Бригадир пәтерлерді шатастырыпты, олар бұған дейін де кіріп жүрген болып шықты. Бұл өте үлкен қауіп. Олар қабырғаларды бұзып, жоспарды өзгертіп жіберуі мүмкін еді. Біреу біреудің үйіне кіре алатындай жағдай, қалыпты емес», – деп жазды желі қолданушысы.

Оның айтуынша, кілтті тек бір айдан кейін алғандықтан, парольді ауыстырмаған.

Құрылыс компаниясы бұл кезеңде бірыңғай пароль емес, жылыту жүйесін қосу және тексеру үшін қажет «блок – қабат – пәтер нөмірі» қағидаты бойынша унификацияланған қолжетімділік жүйесі пайдаланылғанын түсіндірді.

«Аталған жұмыс кезеңі аяқталғаннан кейін қолжетімділік баптаулары қосымша тексеріліп, парольдер жаңартылды. Пәтер кілттерін тапсыру кезінде біз клиенттерге жеке қолжетімділік үшін парольді міндетті түрде ауыстыру қажет екенін ерекше ескертеміз. Барлық меншік иелеріне парольді өз бетінше өзгертуге арналған егжей-тегжейлі бейне-нұсқаулықтар ұсынылады», – деп хабарлады BI Group.

Компания өкілдері бұл тәжірибе цифрлық қауіпсіздік талаптарына сай келетінін және жеке қауіпсіздік үшін парольді ауыстыру ұсынылатынын атап өтті.

Барлық жаңалықтар