Қырғыз президенті Тоқаевқа көңіл айтты

Қырғыз президенті Тоқаевқа көңіл айтты

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Democrat.kz.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрнекті қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына орай көңіл айту жеделхатын жолдады.

 

«Қазақ халқының біртуар перзенті, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының жақын досы Мұхтар Шахановтың дүниеден өткені туралы қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым», - делінген жеделхатта. 

 

Қырғызстан президенті көңіл айту жеделхатында Шахановтың қазасы қырғыз халқы үшін де орны толмас ауыр қаза екенін атап өтті. 

 

«Мұхтар аға тек бауырлас қазақ халқының ғана емес, күллі қырғыз жұртының да рухани тірегі, парасатты ұстазы болды. Оның өмірден өтуі – қырғыз халқы үшін де орны толмас ауыр қаза. Біз тағы бір асқақ шыңымыздан, тағы бір рухани сүйенішімізден айырылып, жүрегіміздің бір бөлшегі үзіліп түскендей күй кешудеміз. Мұндай ұлы тұлғалар жөнінде халық «Оның кетуімен тұтас бір дәуір көшті» дейді. Расында, Мұхтар ағаның мәңгілік сапарға аттануымен бүкіл түркі дүниесі үшін бір дәуір аяқталғандай», - деп атап өтті қырғыз басшысы.

 

Садыр Жапаров сондай-ақ Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан» оқиғаларына қатысты азаматтық позициясына да тоқталып өтті.

 

«Ата-бабадан мирас болған еркіндік пен әділдік рухын бойына сіңірген Мұхтар аға кеңестік кезеңде де, кейінгі жылдары да өз елінің тағдыры үшін табандылықпен күресіп, ақиқатты ашық әрі батыл айтудан тайынған жоқ. Қандай қысым мен қудалауға қарамастан, ол өз ұстанымынан айнымай, «Желтоқсан» оқиғаларына қатысты азаматтық позициясын қайсарлықпен қорғады. Оның поэтикалық һәм азаматтық үні қазақ пен қырғызға ортақ, тау мен даланың жаңғырығындай әсерлі еді. Әсіресе, оның ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен арадағы бауырластық қарым-қатынасы халықтарымыздың достығы мен бірлігін нығайтуда өшпес із қалдырды. Қадірлі қазақ бауырлар! Осы ауыр қазаға байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, бауырлас қазақ халқына және ақынның туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын», – делінген Садыр Жапаровтың жеделхатында.

Барлық жаңалықтар