"Қыздарын қынадай қырған елге айналдық": Танымал блогер жан айқайын жеткізіп, үндеу жасады

"Қыздарын қынадай қырған елге айналдық": Танымал блогер жан айқайын жеткізіп, үндеу жасады

Әлеуметтік желіде әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық туралы жазба кеңінен талқыланып жатыр. Журналист Жансая Мұратбек соңғы жылдары қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаларды еске алып, мәселенің ең қауіпті тұсы – мұндай қылмыстардың біртіндеп қалыпты құбылыс секілді қабылдана бастауы екенін айтты, деп жазады Democrat.kz.

Автор бірнеше ауыр оқиғаны тізбектей келе, олардың әрқайсысының артында бір адамның ғана емес, тұтас отбасының қайғысы тұрғанына назар аударды.

«Бір қыздың өлімі бірнеше күндік жаңалық болып, қылмыскер бірнеше күн ғана талқыланады. Сосын бәрі қайта тынышталады. Ал бір үйде бір ана қызын күтеді. Бір бала анасын күтеді. Бір отбасы өмір бойы орны толмайтын бос орынмен қалады», – деп жазды ол.

Жансая Мұратбектің пікірінше, қоғам кезекті қайғылы оқиға болғаннан кейін ғана дүрлігіп, көп ұзамай оны ұмытып кетуге үйреніп барады.

«Бізге тағы бір трагедия керек емес. Тағы бір қыздың аты-жөнін қаралы жаңалықтан оқығымыз келмейді. Қыздарды өлтіргеннен кейін емес, өлтірмей тұрып қорғау керек», – дейді автор.

«Өлсек те, кінәні өзімізден іздейді»

Жазба астындағы пікірлер де қоғамдағы тағы бір ауыр мәселені ашып көрсетті – жәбірленушінің өзін кінәлау.

Желі қолданушылары зорлық көрген әйелге «неге ондай адаммен жүрдің?», «неге кетпедің?», «дұрыс адам таңдауың керек еді» деген сауалдардың жиі қойылатынын сынға алды.

Бір қолданушы:

«Өліп кетсек те кінәлі болып жатырмыз. “Өздерің сондай адамды таңдайсыңдар” деп жауапкершілікті қайтадан әйелге жүктейді», – деп жазды.

Тағы бір пікір иесі қоғамда «ер адам болғандықтан ұрады» деген түсініктің әлі де кездесетінін айтып, мұндай көзқарас зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдыратынын ескертті.

«Бұл – жай ғана отбасылық мәселе емес»

Пікірталаста заң мен құқық қорғау жүйесіне қатысты талаптар да айтылды. Желі қолданушылары әйел полицияға көмек сұрап келгенде, жағдайды «отбасылық мәселе» деп жеңіл қабылдамау керектігін жазған.

Олардың пікірінше, күш көрсету, қорқыту және жүйелі қысымның әрқайсысына қауіп деңгейіне қарай баға беріліп, жәбірленушінің қауіпсіздігі бірінші орынға қойылуы тиіс.

Жансая Мұратбек те мұндай мәселелерді тек әйелдер арасында емес, ер адамдар арасында да ашық талқылау керектігін айтты.

«Сонда қасындағы адамның көзқарасы, ұстанымы қандай екенін, осындай жағдайларға қаншалықты бейжай қарайтынын білуге болады», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде аталған мәселеге байланысты қатаң заң шығарылып, қыздардың өліміне тоқтау салуды талап еткендер саны көбейді. 

Желіде көтерілген пікірлердің түйіні бір жерден шығады: зорлықтан кейін кінәліні іздеп, кезекті қайғыға ашынумен шектелу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – қауіптің алғашқы белгісінде әрекет ету, жәбірленушіні кінәламау және зорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдамау.

Өйткені әрбір кезекті қаралы оқиғаның артында статистика емес, қайтып келмейтін адам және өмір бойы жазылмайтын отбасы қасіреті қалады.

Барлық жаңалықтар