"Рассрочкаға интимдік қызмет көрсетілген": Алматыда жезөкшелер үйі анықталды

"Рассрочкаға интимдік қызмет көрсетілген": Алматыда жезөкшелер үйі анықталды

Алматыда жыл басынан бері интимдік қызмет көрсетуге пайдаланылған 430 пәтердің жұмысы тоқтатылған. Полиция мәліметінше, баспана иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 750 әйел профилактикалық есепке қойылған, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты CMN.KZ басылымына сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдарының дерегіне қарағанда, интимдік қызмет туралы хабарландырулар арнайы интернет-платформаларда жарияланған. Полиция рейдтер барысында осындай пәтерлерді анықтап, олардың иелері мен қызмет көрсеткен азаматтарға қатысты тиісті шара қабылдаған.

Тексеру кезінде кейбір әйелдер бұл жұмыс туралы интернеттен білгенін және ұйымдастырушылармен жеке таныс болмағанын айтқан. Яғни клиент пен қызмет көрсетушіні байланыстыру ісі көбіне онлайн хабарландырулар арқылы жүргізілген.

Әйелдердің бірі мұндай жұмысты икемді кестесіне байланысты таңдағанын жеткізген. Оның айтуынша, бұл қызметті бала күтімімен қатар алып жүруге мүмкіндік бар. Ай сайынғы табысы шамамен 500 мың теңгеге жететінін де айтқан.

Полиция ұсынған ақпаратта интимдік қызмет құны 55 мың теңгеден басталатыны көрсетілген. Тіпті кейбір ұйымдастырушылар клиенттерге ақысын бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынған.

Бұл деректер Алматыда интимдік қызмет көрсету ісінің тек жекелеген пәтерлермен шектелмей, интернет арқылы ұйымдастырылатын көлеңкелі кәсіпке айналғанын аңғартады. Сонымен қатар жалға берілген баспананың нақты қандай мақсатта пайдаланылып отырғанын бақылау мәселесін де қайта көтереді.

Құқық қорғау органдары пәтер иелеріне тұрғын үйін жалға берген кезде жалға алушылардың әрекетіне бейжай қарамауды ескертеді. Өйткені баспана заңсыз қызмет көрсету орнына айналған жағдайда оның иесі де жауапкершіліктен тыс қалмайды.

Барлық жаңалықтар