Qarakesek лақап атымен танымал рэпер Омар Амантаев көшеде қоқыс жинап, аялдама жуып жүр. Есірткіні заңсыз сақтады деп айыпталған
танымал рэпер сот белгілеген қоғамдық жұмысқа кірісті деп жазады Democrat.kz. сайты Qamshy.kz.-ке сілтеме жасап.
Омар Амантаев бүгін басқа да көше тазалаушы қызметкерлермен бірге аялдама жуып жүр. Рэпер видеосыз қысқа сұқбат беруге келісті.
– Мұндай жұмысты бірінші рет істеп тұрмын. Берілген жұмысты істеймін.
– Өмірдегі Омар мен сахнадағы Qarakesek -те айырмашылық бар ма?
– Жоқ. Барлық өлеңдерім өмірден алынған. Соңғы “Сахара” әнім өз өмірім туралы.
– “Детдом” әнінің сіздің өміріңізге қатысы бар ма?
– Жоқ. Бұл әннің маған қатысы жоқ. Басқа адамның өмірі туралы. Шүкір, ата-анам бар.
– Әлеуметтік желіде парақшаңыз бар ма?
– Жоқ. Ол маған керек емес. Әртіс болу менің мақсатым емес. Шығарған өлеңім өтіп кетті. Солай танылды. Қазақша рэпермін. Әндерімнің бәрі белгілі бір жағдайға байланысты шықты. Қазіргі уақытта ән шықпай жатқаны менде айтатын ештеңе жоқ. Өзімде қателік көп болған соң ешкімге ештеңе айта алмаймын. Осы жағдай бітсін, сосын кірісемін. Қазір өлең жазатын жағдайда емемпін.
– Сізді әлі де өнерден көреміз бе?
– Өлең айту үшін де көңіл күй мен ішкі дайындық қажет. Мені қиын кезде қолдағандарға алғыс айтамын. Менен үміт үзбеңіздер. Менің қателігімді қайталамаңыздар. Аман болыңыздар”,-деді ол.