Ресейде бензин үшін төбелес басталды: жанармай тапшылығынан халық бірін бірі жұлып жеуге әзір

Ресейде бензин үшін төбелес басталды: жанармай тапшылығынан халық бірін бірі жұлып жеуге әзір

Ресейде жанармай тапшылығы ушығып, жағдай жанармай құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек пен халық арасындағы жанжалға ұласты. Әлеуметтік желілерде бензин үшін кезекте тұрған адамдардың бір-бірімен сөзге келіп, төбелескен видеолары тарай бастады деп хабарлайды Democrat.kz.

Жергілікті және халықаралық басылымдардың жазуынша, Ресейдің бірқатар өңірінде бензин мен дизель отынын табу қиындаған. Кей жанармай бекеттері уақытша жабылған, ал кей жерде отын тек белгілі бір мөлшерде ғана сатылып жатыр. Бір өңірлерде бір көлікке 20-30 литр ғана бензин құйылса, басқа аймақтарда 40 литрге дейін шектеу қойылған.

Әсіресе Мәскеу, Краснодар өлкесі, Қырымға баратын бағыттар және Ресейдің оңтүстік өңірлерінде жағдай күрделене түскені айтылып жатыр. Жүргізушілер бірнеше жанармай бекетін аралап, жұмыс істеп тұрғанын іздеуге мәжбүр. Кейбір жерде адамдар бензин үшін сағаттап кезекте тұр.

Әлеуметтік желідегі видеоларда жүргізушілердің ашуға булығып, бір-бірімен айқайласып, итерісіп, төбелескен сәттері көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жанжалға көбіне кезек дауы, бензиннің жетпеуі және отынды шектеулі мөлшерде сату себеп болып отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресейде жанармай тапшылығы мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы бұзылғаннан кейін күшейген. Бірқатар ірі зауыттың тоқтауы мен жоспардан тыс жөндеу жұмыстары бензин өндірісін едәуір азайтқан. Агенттік дерегінше, маусым айының соңына қарай Ресейдегі бензин өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 пайызға төмендеген.

Ресей билігі жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдауға кірісті. Оның ішінде бензин экспортына шектеу қою, импортты арттыру, тіпті сапасы төмендеу компоненттерді араластыру арқылы ішкі нарыққа жанармай жеткізуді көбейту мәселелері қарастырылып жатыр.

Тапшылықтың салдары Қазақстанға да қатысты талқылана бастады. Reuters Ресей Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензин жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазды. Алайда Қазақстан тарапы Мәскеуден ресми сұраныс түспегенін мәлімдеген.

Қазақстанда әзірге бензин тапшылығы жоқ екені айтылды. Үкімет ішкі нарықтағы сұраныс отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын хабарлады. Дегенмен Ресейдегі жағдай көрші елдердегі жанармай нарығына да әсер етуі мүмкін деген қауіп бар.

Сарапшылар Ресейдегі қазіргі жағдайды соңғы жылдардағы ең күрделі жанармай дағдарыстарының бірі деп бағалап отыр. Себебі бензин тапшылығы енді тек экономикалық мәселе емес, қарапайым халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік проблемаға айналды.

Қазір Ресей билігі халықты дүрлікпеуге шақырып, жанармайды артығымен сатып алмауды ескертіп жатыр. Алайда АЗС маңындағы ұзын кезек, бос колонкалар және бензин үшін төбелескен адамдар бұл дағдарыстың әлі де оңай шешілмейтінін көрсетіп отыр.

Барлық жаңалықтар