Ресейлік радионы басып алған қазақ тосын үндеу жасады

Ресейлік радионы басып алған қазақ тосын үндеу жасады

Петербордағы «Шок» радиосының тікелей эфирінде тосын оқиға болды. Нұрлан есімді Қазақстан азаматы студияға баса-көктеп кіріп, микрофонды жұлып алып, Кремльге қарсы үндеу жасаған деп жазады Democrat.kz.  сайты Ertenmedia.-ға сілтеме жасап.

Әзір ресейлік күш құрылымдары оның әрекетін мұқият тексеріп жатыр. Оқиға эфирде әдебиет жайлы әңгіме өрбіп жатқан кезде болған.

Радио қонағы, баспагер Глеб Стафеевтің айтуынша, эфир басталғаннан кейін арада он минуттай уақыт өткенде студия есігін бөгде біреу тарсылдатып қаға бастаған. 

Есікті ашқан бетте бейтаныс адам жүргізушіге тап беріп, орындыққа жайғасып, тікелей эфирді талап еткен. Талабы орындалмаса әлгі жердің күлін көкке ұшыратынын айтып қорқытқан екен.

«Ол студиядағы құрал-жабдықтарды өз бетімен басқаруға тырысты. Жағдайды ушықтырмау үшін оны әңгімеге тартуға тура келді, диктор жігіт дереу полицияға хабар берді. Нұрлан бастапқыда қатты қобалжып, ойын жинақтай алмады. Эфирге шыққаннан кейін Ресейдің әскери операциясына қарсылық білдіріп, Мәскеу мен атом бомбасы жайлы сөйлей бастады», – дейді Глеб Стафеев.

Пәлцейлер келген кезде Нұрлан қарсылық танытпай, өз еркімен берілген екен. Кейін анықталғандай, 50-дің үстіндегі азамат бұған дейін де әлгіндей әрекетке барған көрінеді.

Қазан айында ол өзін куриер ретінде таныстырып, «Питер FM» радиосының студиясына кірмек болған. Ұсталған сәтінде эфирге шығып, бейбітшілік үндеуін жасағысы келгенін мәлімдеген.

Бұл жолы Нұрекең оңайлықпен құтылмайтын секілді. Путиннің басқыншы саясатына қарсы пікірі ФСБ-ның назарына ілігіпті дейді.

Тергеушілер оның эфирдегі мәлімдемесін қауіпті деп танып, Қазақстан азаматының өткен-кеткенін қазбалауға кіріскен. Бастапқыда ұзақ бұзақылық ретінде бағаланған оқиғаның соңы қылмыстық іске ұласуы ғажап емес. 

Барлық жаңалықтар