Маусым айында Ресей азаматтары елден кетудің жолдарын жаппай іздей бастаған. "Визасыз қайда кетуге болады", "шетел паспорты қанша уақытта жасалады" және "шетелге шығуға рұқсат" деген сияқты іздеу сауалдары 2022 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы "Яндекс" пен Google Trends деректеріне жасалған талдау көрсетіп отыр деп жазады Democrat.kz.
Сұраныстың күрт өсуі отын дағдарысы, украиналық дрондардың Ресей қалаларына жасаған шабуылдары және жаңа мобилизация туралы сыбыстар тараған кезеңге тура келді.
Нақты деректерге тоқталсақ:
Маусым айында "шетел паспорты қанша уақытта жасалады" деген сауалды "Яндекс" іздеу жүйесіне 26 339 рет енгізген. Бұл - бақылау басталғаннан бергі абсолютті рекорд және 2024 жылдың қараша айымен салыстырғанда 221%-ға көп.
Google Trends-те мамыр айында дәл осы сауал соңғы бес жылда алғаш рет максималды 100 баллға жеткен.
Ал "визасыз кету" туралы іздеулер маусымда 1 251-ге жетті. Бұл 2025 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 118%-ға артық.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай көрсеткіштер соңғы рет 2022 жылдың күзінде, ішінара мобилизация жарияланған кезде тіркелген болатын.
Әлеуметтік желіде шыққан бұл ақпаратқа қатысты қазақстандықтардың, оның ішінде орыс тілді азаматтардың пікірі ерекше болуда. "Сендерсіз де проблемамыз аз емес", "келмеңдер, сендерге бұл жақта ештеңе жоқ" дегенге саятын пікір жазған қазақстандық орыс ұлтының өкілдері өз қарсылықтарын ашық білдіруде.